АСТАНАДАҒЫ «ҚАРАӨТКЕЛ» ЗИРАТЫНДА АҚТАМАҚ ҚАЛПЕ ҚҰЛПЫТАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ (ФОТО)

21 сәуір 2025 154 0
Оқу режимі

Елордадағы Кенесары ханның 200 әскері мен Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының күйеубаласы Смағұл Сәдуақасов сынды тұлғалар жерленген «Қараөткел» зиратында тарихи дін қайраткері Ақтамақ қалпеге арналған құлпытас орнатылады.

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіп бастаған елорда имамдары пен филология ғылымдарының докторы, әдебиет тарихшысы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы бүгін зиратқа барып, дін қайраткері Ақтамақ қалпенің жерленген орнын көріп қайтты.  

Ақтамақ қалпе — қазақ халқының діни-рухани тарихында ерекше орын алатын тұлға. Ол 37 жасында обадан қайтыс болып, Ақмола мұсылмандары зиратына жерленген. Бұл туралы көрнекті дінтанушы Сәдуақас Ғылмани мен өлкетанушы Мейрам Сәрсетұлының еңбектерінде айтылады. Оның 500-ге жуық білікті молда даярлағаны және діни білім беру ісіне қосқан үлесі оның қазақ ислам тарихындағы маңызды тұлға екенін көрсетеді.

Ал, «Қалпе» атағы — ислам дініндегі құрметті лауазымдардың бірі. Бұл атақ сопылық ілім мен ислам мәдениетінің қазақ қоғамына бейімделуіне байланысты қалыптасқан. Қалпе атағы көбінесе белгілі бір сопылық мектепке (тариқатқа) тиесілі діни жетекшілер мен шәкірттерге берілген. С. Ғылманидің да «Сәкен қалпе» атымен танылғаны мәлім.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру