Қажылық айлары – тақуалыққа бет бұратын қасиетті уақыт

08 сәуір 2025 337 0
Оқу режимі

Рамазан айы – мейірім мен кешірімнің, шексіз сауаптың айы. Бұл айда мұсылман баласы Аллаға жақындап, жүрегін тазартып, иманын күшейтеді. Алайда Рамазанмен ғана шектеліп қалмай, оның рухани жемісін әрі қарай жалғастыру да маңызды. Себебі Алла Тағала Құранда Рамазаннан кейінгі Шәууәл, Зүл-Қағда және Зүл-Хижжа айларын «Қажылық айлары» деп атап көрсеткен. Бұл жайында Құранда: «Қажылық белгілі айларда орындалады. Оларда кім қажылықты мойнына алса, қажылықта жыныстық қатынасқа түсуге, күнә істеуге, ұрыс-керіске жол жоқ. Ал қандай игілік істесеңдер, Алла оны біледі. Олай болса, (қажылыққа) азықпен (дайындықпен) қамданыңдар! Расында ең жақсы азық – тақуалық азығы. Ей, ақыл иелері! Менімен тақуалық етіндер». (Бақара сүресі, 197-аят)

Бұл аяттан қажылықтың үлкен дайындықты қажет ететін ұлы ғибадат екенін байқаймыз. Қажылық бір сәттік құлшылық емес, ол рухани және дене дайындығын қажет ететін – өмірлік маңызы бар сапар. Осы жолға шықпас бұрын адам өзін ішкі-сыртқы жағынан дайындауы тиіс: ниетін түзеп, жүрегін тазартып, сабыр мен тақуалыққа бет бұрады. Бұл дайындық қажылыққа ғана емес, жалпы өміріміздің әр кезеңінде қажет болатын асыл қасиеттерге тәрбиелейді.

Рамазан айының сыйы – Алланың кешірімі мен мол сауабы болса, қажылықтың сыйы – адам баласының күнәлардан мүлде арылып, анадан жаңа туғандай пәк күйде оралуы. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім қажылық жасап, жаман сөз сөйлемесе, күнә жасамаса – анасынан жаңа туған сәбидей күнәсіз болып оралады». (Бұхари, Муслим)

Осы хадис қажылықтың рухани маңызын, оның адамды толық өзгертуге қабілетті екенін айқын көрсетеді. Бұл – жай ғана саяхат емес, бұл – рухани жаңғыру.

Демек, Рамазан аяқталды екен деп құлшылықты доғару дұрыс емес. Шәууәл, Зүл-Қағда және Зүл-Хижжа – дәл сол рухани жолды жалғастыруға арналған ерекше айлар. Бұл – нәпсімен күресіп, жаман әдеттерден арылып, жақсы істерге бет бұрып, тақуалық азығымен қамданатын кез. Бұл айлар – ішкі жан дүниемізбен жұмыс істейтін, жүрегімізді емдейтін, Аллаға бет бұратын, өмірімізді қайта бір електен өткізетін ерекше кезең.

Міне, сондықтан осы үш ай – әрбір мұсылман үшін ерекше маңызды. Қажылыққа бармаса да, әрбір адам бұл айларда құлшылығын арттырып, рухани кемелденуге ұмтылуы тиіс. Шәууәлден бастап Зүл-Хижжаға дейінгі айлар – Алланың бізге берген мүмкіндігі. Бұл – өзімізді тәрбиелейтін, ниетімізді түзейтін, амалдарымызды арттыратын, иманымызды нығайтатын айлар. Ендеше, осы қасиетті уақыттарды бос өткізбейік. Рамазанда алған рухани шабытты жоғалтпай, тақуалық азығымен қаруланып, Алланың разылығына жететін жолды жалғастырайық. 

Ерсайын СӘКЕНОВ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы

Пікірлер Кіру