МӘШҺҮР ЖҮСІП: ЖАҚСЫ МОЛДА
Бір үлкен ғұлама молда судың басына барса, бір қайықшы судың жағасында жаңа қайыққа мінейін деп жатыр екен. Қайығында отыз шыны арақ бар екен, аузын печаттап үстіне жазыпты: ,,Мұның аты хошлық,, - деп. Молда таң қалыпты, талай жерді кезіп едім, базарда хошлық деген сатылатұғын нәрсені көргенім жоқ еді және есіткенім жоқ еді деп, қайықшыдан сұрапты:
- Бұл шыныдағылар не нәрсе?- деп. Қайықшы айтыпты:
- Әй, байғұс молдам, мұны не қыласың, бар, өз жұмысыңмен бол,- депті.
Молда мұның не екенін білуге көңілі кетіп, қайықшыға айтыпты:
- Бұл шыныдағы не нәрсе екенін білмей бұл жерден кетпеймін!- депті. Қайықшы молда сұрап қоймаған соң, айтыпты:
- Бұл арақ. Бағдадтың халифа сұлтанына апарамын - деп.
Молда қараса, қайықтың ішінде бір жуан таяқ жатыр екен. Қайықшыға айтыпты:
- Ана таяқты маған алып бер- деп. Қайықшы шәкіртіне бұйырыпты:
- Сұраған таяғын алып бер, не қылар екен?- деп.
Таяқты молдаға берген соң, молда таяқты қолына ала салып, шыныларды бір - біріне ұрып күлпарша, быт- шыт қылды дейді. Қайықшы қорқып жылап, ойбай салып, шаһардың шетін қарап, күзетіп тұратын төреге арыз қылған соң, төре дереу молданы ұстап, халифаның алдына алып барыпты. Ұшбу уақиғаны бастан аяқ баян қылған соң, халифа ашуланып, қанын ішіне тартып, түгі сыртына шығып, молданы аллына алдырып, қаһар уә саясатпен:
- Сен кімсің осындай әдепсіздік, білместік диуаналық іс қылған? - деп сұрапты.
Молда айтыпты:
- Мен мүхтәсібпін, яғни адамдарды тексеріп, жаман жолдан қайтарып тиюшымын- депті.
Халифа айтыпты:
- Сені кім сайлады, кімнің бұйрығымен сайландың?
Молда айтыпты:
- Мені Құдай, Пайғамбар сайлады, сол Құдай тағала мен Пайғамбардың бұйрығымен сайландым- депті.
- Жоқ, сайлаған кім сені, айт!- деп, патша қаһарына мініпті. Молда айтыпты:
- Сені кім патша сайласа, мені сол мүхтәсіб қылып сайлады.
Патша бұл сөзден тоқталып, басын төмен салып, кішкене ой ойлап отырыпты - дейді. Және басын көтеріп, молдаға айтыпты:
- Бұл шыныларды не себептен сындырдың?- дейді.
Молда айтыпты:
- Мұны сындырғаным - саған жаным ашығаным және өзіңе қараған жұртыңа жаным ашып, өзіңе , халқыңа шапқатым келіп сындырдым- депті.
Халифа айтыпты:
- Маған қалай жаның ашып аядың?
Молда айтыпты:
- Бұл менің қылған ісім өзің қылатұғын іс еді. Сенің әлің келмей бара жатқанын білдім, уә және сені қиямет азабынан халас қылайын дедім- депті.
- Халыққа қалай жаның ашып шафқатың келді?- деген соң молда айтыпты:
- Мұны сен қылған соң, сенен көріп, жұрт та қылады, сен тыйылсаң, сенен ғибрат алып, жұрт та тыйылады, народ көп, жұрт бейбастақ, жамандықта ұлығының ыңғайына қарай төңкеріледі. Егер билеп тұрған ұлық жақсы жолда болса, халық һәм соған еліктеп жақсылыққа тырысады, егер ұлық жаман жолда болса, халық һәм жамандыққа айнала береді, халық басшысынан ғибрат алады- дейді.
Сонан соң патша мұның бұл сөзіне қайран қалып, молданың қолын ұстап:
- Мұнан былай қайда жамандық көрсең тыңшы бол, ешкім сенің бетіңді қақпасын- дейді.
Біздің заманда шыныдағы хошлық мысалындағыдай оны көрісімен ұрып сындыратұғын молда жоқтың қасы. Керісінше ,молданың өзі нәпсі арзуымен мұбтала болып:" Қайтсем жұртқа жағып, қошқар, шанжау майын қалай айла қылып аламын?"- деп, соның соңында жүр.