ДҰҒА-ТІЛЕК ЕКІ ТҮРЛІ БОЛАДЫ

Әсілінде, дұға-тілек екі түрлі болады. Біріншісі іспен, Құдайдың мына дүниеде қойған заңдылықтарын, себептерін орындау арқылы жүзеге асады.
Мысалы, көктемде жер жартып, егін егу, дәрісін шашып, тыңайтқышын құю да әрекетпен жасалған "Жаратушым маған берекелі егін бер" деген дұғаға жатады.
Ал екіншісі жүрекпен, тілмен жалбарыну арқылы болады.
Мұсылман баласы екі түрлі дұғаның да қасиетін кемітпестен қатар жасауы керек. Тілмен жасалған дұға жеткілікті деу дінді, пайғамбарды дұрыс түсінбеуге жатады. Алла елшісі (с.а.у.) не нәрсе болсын, алдымен Құдайдың осы дүниеде қойған заңдылықтарын, себеп-салдарларын орындайтын.
Мысалы ухыд соғысын алайық. Мәдинаға қалың әскермен шабуыл жасаған құрайыштықтарға қарсы мұсылмандарды барынша қаруландырды. Өзі де сауытын киіп, қолын көкке көтеріп, егіле жылап ұзақ дұға жасады. Хандақ соғысында да дұшпандардан Мәдина қаласының айналасына терең ор қазу арқылы қорғанды.
Сахабаларына "сауыттарыңды шешіп, қаруларыңды тастап, "фалақ" пен "нас" сүрелерін оқысаңдар, сөзсіз жеңіске жетесіңдер" деген жоқ. Керісінше екі түрлі дұғаны да кемеліне жеткізіп орындады.
Мынаны білуіміз керек. Іспен жасалатын дұғаға мән бермегеннің тілмен ғана айтқан тілегі көбінесе қабыл болмайды. Біріншісіндегі салғырттықты екіншімен жабуға тырысу жауапкершіліктен қашу һәм шынайы тілектің қадірін кетіру саналады.