Уаһидың мұсылман тұлғасын зұлымдық мәселесіне дайындауы

04 сәуір 2025 410 0
Оқу режимі

Бірінен соң бірі апаттар тізбектеліп, қайғы-қасірет көбейіп жатыр. Алайда ең үлкен апат әлі келмеген сияқты. Жалған пайғамбарлар көбейіп, залым билеушілер тақтарында нығайып, олардың әділетсіздігі терең тамыр жайды. Халық болса, кедейшіліктің ең ауыр деңгейіне түсті. Осыған қоса, аурулар мен табиғи апаттар қажыған жұртты одан әрі қажыта түсті. Бұл жағдайлар адамдардың көкейінде Құдайдың әділдігі мен даналығы туралы сұрақтарды қайта тудырды: жазықсыз адамдар қандай күнә үшін өлтіріледі? Неге апаттар олардың жерінде көп болады? Неліктен залымдар жазасыз қалады?

Зұлымдық мәселесінің тарихы

Біз жоғарыда аталған мәселені айқындау үшін ең алдымен зұлымдық деген түсініктің өзін қарастырып көрейік. Зұлымдық сұрағы – қазіргі дәуірдің өнімі емес. Бұл сұрақ Адам жаратылмай тұрып, періштелердің: «Онда бұзақылық жасап, қан төгетіндерді жаратасың ба?» [«Бақара»: 30] — деп сұрауынан бастау алған. Кейін бұл сұрақ бұрмаланған сенімдер арқылы күрделене түсті. Кейбір яһуди дін ғұламалары Құдайды адамзатқа өш, қатыгез бейнеде сипаттады. Шіркеу билігінің қатаңдығы бұл сенімсіздікті арттыра түсті.

Ағартушылық дәуірімен бірге, әсіресе Француз төңкерісінен кейін, адам Құдай мен әлем арасындағы байланысты үзді. Ол өзі үшін азапсыз, мәңгілік рақатқа толы жұмақ орнатуға тырысты. Бірақ бұл ой Ницше мен Камюдің нигилизмі, Сартрдың мағынасыздығы сынды идеялар арқылы шынайылықтан алыстап, адамзат мәнсіздік пен үмітсіздікке бой алдырды.

Адамзат — қай ұлт пен тілге жатса да — бір негізден жаралғандықтан, бұл сұрақ мұсылман әлемінде де пайда болды: Неге Алла зұлымдықты жаратты? Неге жазықсыз адамдар азап шегеді? Неге залымдар жазаланбайды?

Жауап іздеу

Зұлымдық туралы сұрақ, ең алдымен, рухани күйзелістен туындайды. Бұл — адамның Аллаға сенімі мен өмірдегі қайғы-қасіреттерді қабылдай алмауы арасындағы ішкі қайшылығынан шығады.

Ислам – шынайы әрі тұтас дін ретінде – зұлымдықты жоққа шығармайды, керісінше оның бар екенін мойындай отырып, оның кейде адамға түсінікті, кейде түсініксіз даналыққа негізделгенін айтады. Доктор Сами әл-Амри айтқандай: «Әлем – әр сынақтың даналығын ашып беретіндей мөлдір емес».

Сол себепті, ислам жеке тұлғаның рухани иммунитетін қалыптастырып, оны сынақтың тәлкегінен аман алып шығу үшін сенімге негізделген ішкі тіректер құрды.

Адамзаттың дүниетанымын өзгерту үшін ең алдымен ұғымдар түзетілді. Алғаш Адамға барлық атаулар үйретілгендей, оның ұрпақтарына да «зұлымдық» сөзін «сынақ» ұғымымен алмастыру қажет болды. Құранда: «Біз сендерді жақсылықпен де, жамандықпен де сынаймыз» [«Әнбия»: 35] делінген. Яғни, сынақ – кейде жақсылық, кейде жамандық түрінде беріледі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!): «Мүміннің ісі ғажап! Оның барлық жағдайы – өзіне қайырлы. Қуантса – шүкір етеді, бұл оған қайыр. Қайғы берілсе – сабыр етеді, бұл да оған қайыр» – деп, иманды адам үшін әрбір жағдайдың қайырлы болатынын айтты. Тағы бір хадисте: «Мұсылманға келген ауырлық, ауру, қайғы, уайым, зиян тіпті иненің шаншуындай болса да – Алла оның күнәларын кешіреді» [Бухари].

Шындық пен иллюзия

Ислам адам баласының жер бетінде тұрақты жұмақ орнатуға деген иллюзиясын бұзады. Өйткені адам – алғашқы демінен соңғы деміне дейін сынақта. Бұл өмірде тұрақтылық жоқ. Жақсылық та, жамандық та уақытша.

Жазушы Айман әл-Утум өз романында: «Егер зұлымдық жаратылмаса, жақсылықтың сұлулығы білінбес еді. Егер жақсылық болмаса, зұлымдықтың ұсқынсыздығы көрінбес еді… Бұл екеуі – өмір мен өлім секілді» – деп бұл мағынаны көркем жеткізеді.

Құдайдан тыс өмір құруға тырысқан адам өз әлсіздігін көрді. Ғылым мен техникада ілгерілегенімен, қорқыныш алдында дәрменсіз. Ол тіпті өз ұрпағы арасындағы соғыстарды тоқтата алмай отыр. Ондай адам бүкіләлемдік апаттарды қалай тоқтата алмақ?

Құранда Алла: «Адам жақсылықты сұрағандай жамандықты да сұрайды. Адам тым асығыс» [«Исра»: 11] – деп адамның шектеулі танымын баяндайды.

Құрандағы пайғамбарлардың қиссалары қиындықтар мен ауыр сынақтардан тұрады. Жақып пен Юсуфтың (ғ.с) оқиғасы, Аййубтың (ғ.с) сабыры, басқа да хикаялар – өмірде ешкім сынақтан тыс қалмайтынын көрсетеді.

Ең айқын мысал – Мұса мен Қызырдың оқиғасы. Мұса (ғ.с) сырттай зұлымдық болып көрінген істерге қарсы болды, бірақ соңында оның ар жағындағы даналықты көріп, мойындады. Бұл — Алланың даналығы мен мейірімінің айғағы.

Уаһи ұғымдарды және көзқарастарды өзгертті. Бұл өз кезегінде мұсылманның эмоциялық күйіне де оң әсер етті. Бұл – жүрекке сабыр беріп, қиындықтарға қарсы тұру қабілетін арттырды.

Зұлымдық туралы сұрақ жаңа мәселе емес. Бірақ Ислам тек логикалық түрде жауап беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге сенімі берік, сабырлы, Аллаға тәуекел ететін тұлғаны қалыптастыруды мақсат етті – тіпті ол сынақтың хикметін білмесе де.

Абдулахад Сманов, PHD доктор, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Пікірлер Кіру