Райана ма әлде Райан ба?

27 қазан 2020 9703 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, Райан есімінің мағынасы қандай? Кейбіреулер Райана деп жүр. Қайсы дұрыс?


Жауап

Аллаға шүкір, қазіргі кезде нәрестелі болып перзентіне ат қойдыруға мешітке келіп жатқан қара көз қандастарымыз баршылық. Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті, қазақи салт деп құндақтағы баласына азан шақыртып, бата тілеп жатады. Жас ата-аналардың мұнысы – қуантарлық жайт. Имамдар алдына келген соң ақ батасымен бірге, қажет болған жағдайда, баланың есіміне байланысты ақыл-кеңесін де береді. Өйткені, жағымсыз есім немесе аты-жөніндегі бағзы әріптерінің қателігі кісі соңынан көлеңке тәрізді өмір бойы қалмайды. Жас ата-ана болашақ баласына есім таңдауда заманауи әдіспен ғаламтор көмегіне жүгінеді. Әрине, мұндай әдіс барлық кезде оң нәтиже бере қоймайды.

Мәселен, бүгінде Рамазан айында туған қыз балаға «Райана» деп ат қойылып жүр. Оның мәні – жәннат қақпасы – Райан Рамазанда ораза тұтқандарға ғана арналған деген пайғамбар (с.ғ.с.) мүбәрак сөздеріне қатысты.

Ал, енді неге Райан емес, Райана? «А» әріпі қайдан қосылады? Бұл кешегі Жанар дегенді «Жанара», Айжанды «Айжана» дегені секілді ғана. Басқа себебі жоқ. Осылайша, есім иесі қыз бала екенін айшықтағысы келеді. Әрине, бұл – қателік.

Мәселен, қазақта Асылжан, Нұржан, Бақыт, Кенже, Жанат, Жұлдыз, Баян сынды ер балаға да, қыз балаға да ортақ есімдер бар. Дегенмен, ажырату үшін «а» әріпі ешуақытта қойылмайды.

Баланың есімі – өмірлік серігі. Оның аты-жөні сенімін, ұлттық болмысы мен тәрбиесін айшықтап тұратын «коды». Сонымен бірге, басқа ұлттар біздің аты-жөнімізді тілі келмей бұрмалап жатса, біз өз есімдерімізді біле тұра шұбарлатқанымыз қалай болмақ?! Сондықтан бала есімінің әрпін бұрмаламай, Райана емес Райан, Тамерлан емес Темірлан деп қойған абзал. Балаңыз атына заты сай болып ер жетсін!

Руслан Камбаров

Пікірлер Кіру