Туылмай жатып шетінеген сәбиге жаназа намаз оқыла ма?

21 ақпан 2020 21291 0
Оқу режимі

Сəлеметсіздер ме, muslim.kz порталы! Менің сұрағым бар еді өтініш жауап бересіздер ме? Қазір аяғым ауыр 7 айлық егіздер болатын. 6 айлық кезінде ішімде біреуі шетінеп қалды. Дəрігерлер екіншісіне зияаны жоқ тірісін уақыты келгенде босанасың деді. Сол босанғанда артынан өлген нəресте мумия болып туылады екен. Сол шарананы не істейміз? Роддомда қалдырғым жоқ. Азан шақырып, ат қойып жерлейді ме? Сосын туылмай тұрып шетінеген сəбидің жаны қайда болады? Осы мені мазалап жүрген сұрақтарыма жауап бересіздер ме? Алдын ала рахмет! Гүлжан


Жауап

Сәлеметсіз бе, Гүлжан! Алдымен айтатын нарсе, жаназа рəсімдері тек өмірге тірі келген сəбилерге жасалады. Себебі, Пайғамбарымыз айтды: «Сəби өмірге келгенде тіршіліктің белгісін беретін болса (қимылдау, дауыс шығару секілді), оған жаназа намазы оқылады», – деген. Ал өмірге жаны тəнінен шығып келетін болса, ондай сəбилерге жаназа намазы оқылмайды. Мұсылмандардың зиратына апарып, ақ матаға орап жерлейді.

Іштегі нәресте шетінеген жағдайда, оған ат қойса, қияметте Алланың қалауымен шапағатшы болатыны туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Түсік балаларға ат қойыңыздар. Өйткені Алла ат қойылған баламен таразының сауап жағын ауырлатады. Болмаса ол бала қиямет күні келіп, былай дейді: «Уа, Алла Тағалам! Бұлар маған ат қоймады. Мен арқылы алатын сауаптарынан құр алақан қалды», – дейді»[1]. Яғни, іште жатып шетінеген сәбиге де ат қойылады.

Ал, енді ондай сәбилердің жағдайы қалай болады? деген сұраққа келетін болсақ, олардан Қияметте есеп-қисап сұралмайды. Қайта ол сәби Қиямет күнінде ата-анасына шапағат ететін болады. Балалар әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннатқа кіргізбейінше, жібермейтіні туралы сүйінші хабарлар келген[2].

 


[1] Жамиғус-сағир, 3/1075
[2] Жамиғус-сағир, 3/2364

Пікірлер Кіру