Жұмақ мекеніне ешбір пенде әлі кірмеген болса, ол қашан жаратылады?

21 қазан 2019 10597 0
Оқу режимі

Сұрақ? Жұмақ мекеніне ешбір пенде әлі кірмеген болса, ол қашан жаратылады?


Жауап

Жауап: Мысыр шаһарындағы бабамыз Сұлтан Бейбарыс атындағы мешіттің хұтпа оқитын имамы, Әзһарлық ғалым Һишам әл-Кәмил Хамид «Иълмут таухид» кітабында төмендегідей анықтама берген:

«Жәннәт – Алла Тағала Өзіне мойынсұнған пенделері үшін әзірлеп қойған мәңгілік рахат мекені. Ондағы нығметтерді адамның ақылы елестете алмайды, онда көз көрмеген, құлақ естімеген, және адамзаттың қиялына  келмеген нығметтер бар. Сондай-ақ, ол қазір бар болып, жаратылып қойылған».

Жәннәт сөзінің  тілдік мағынасы – жеміс ағашы мол,   ішінде өзендер аққан, ағаштарының көптігінен іші көрінбейтін бау. Алайда, оны осы дүниедегі бақшаларға ұқсатуға болмайды. Бұл турасында Һижри жыл санағының V-VI ғасырында ғұмыр кешкен Имам Матуриди мектебінің ақида саласынағы ғалымы Әз-Заһид Әбу Исхақ ас-Саффар әл-Бухари өзінің «Тәлхисул әдилләти лиқауағъидит таухид» (تَلْخِيصُ الْأَدِلَّةِ لِقَوَاعِدِ التَّوْحِيد) кітабында былай деді:

«Әл-Жаһмия (ақидадан адасқан топтың атауы) жәннәт пен тозақ әлі жаратылмады қиямет күні бірақ жаратылады»,- деді. Біліп қой! жәннәт пен тозақ жаратылып қойылған. Алла Тағала Әл-Имран сүресінің 133-ші аятында жәннәтті сипаттап: « أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ  – тақуалар үшін әзірленді» және тозақты Кәһф сүресінің 29-шы аятында сипаттап: «إِنَّا أَعْتَدْنَا لِلظَّالِمِينَ نَارًا – Расында Біз, залымдар үшін тозақ отын әзірледік»,-деді. Сондай-ақ, жәннәтті дүние тіршілігіндегі бау-бақшалармен салыстырып түсінуге болмайды. Өйткені, Алла Тағала жәннәтті бұл дүниедегі бау-бақшада жоқ болған сипаттармен сипаттаған».

Әбу Һурайра (р.ғ.) риуаят еткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Алла тағала: Ізгі құлдарым үшін көз көрмеген, құлақ етімеген және адам баласының ойына келмеген жақсылықтарды әзірлеп қойдым,-дейді». (Хадисті имам Бұхари, Муслим риуаят етті). Бұны құптайтын Алланың кітабында:

فَلا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاء بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Ешбір жан істеген амалдары үшін қайтарым сый ретінде өздері көзайым болатын қандай қуаныштың жасырылғанын білмейді»,  (Сәжде сүресі, 17 аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): айтты: «Жәннәттағы садақтың көлеміндей орын, бүкіл дүниеден артық». (Имам Бұхари,Муслим риуаят етті).

 

Нұрлан Рамазанов

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы

Пікірлер Кіру