Күнәні бірінші жасаған адамға соған ергендердің де күнәсі жазылады деген рас па?

20 қыркүйек 2019 6915 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Әлдекім қандай да бір күнәні жасағанда, адамдар содан көріп, қайталайтын болса, әлгі адам өзінің күнәсімен қатар, содан үлгі алған адамдардың да күнәлары үшін жазаланады деген рас па?


Жауап

Уа алейкум ассалам! 

Сіз жолдаған сауалға қатысты бірнеше сенімді хадис бар:
 
Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят етеді: «Әрбір әділетсіз өлтірілген адам үшін Адамның балаларының бірі жаза тартады, себебі, сондай жолмен (әділетсіздікпен) адам өлтірген бірінші сол болатын»[1].
 
Сондай-ақ, Джәрир ибн Абдуллаһ әл-Бәджәли (р.а.) риуаят еткен мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп ескертеді: «Кімде-кім әлдеқандай игі іске бастамашы болса және басқалар да содан үлгі алса, сол адамға оған ерген адамдардың да сауабы жазылады (бірақ, ол адамдардың сауабы кемімейді). Кімде-кім әлдеқандай жамандыққа бастамашы болса және басқалар да содан үлгі алып, қайталаса, сол адам өзінің күнәсімен бірге оған ергендердің де күнәсін мойнына алады (бірақ, оған ергендердің жазасы кемімейді)»[2].

Хадистердің мәні айдан анық – егер біреу бір жақсылыққа бастамашы болса және басқа адамдар содан үлгі алса, әлгі адам артынан ергендермен тең сауап алады. Дәл сол сияқты, егер біреу қандай да бір жамандықты бастап берсе, одан үлгі алғандардың да күнәсі оған жазылады.

Хафиз Ибн Хәджәр (р.а.) мұның күнә жасап, кейін тәубесіне келмеген адамдарға қатысты екенін айтады. Күнә жасаған адам тәубесіне келген болса, сол күнәлары үшін жаза тартпауы мүмкін деген үміт бар[3].

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

 azan.kz 


[1] Сахих Бұхари, 3335,  Сахих Муслим, 1677.
[2] Имам Тирмизи (Сунан Тирмизи, хадис 2675) риуаят етіп, сенімді деген баға берген.
[3] Фәтхуль Бәри, хадис 6867, 12-том, 193-бетті қараңыз.

Пікірлер Кіру