Ғұсыл алғанда шашымды жумасам бола ма?

12 шілде 2018 30631 0
Оқу режимі

Сұрақ: сәлеметсіз бе! Күнде ғұсыл алудан шаршап кетем əрі шашым тым ұзын, тіземнен келеді... Шашым өмірі құрғамайды десем де болады... Ғұсыл алмай жай дəрет алып намаз оқысам бола ма?

Жанар


Жауап

Сәлеметпіз. «Ислам ғылымхалы» атты кітапта бұл жайында былай айтылған: «Ханафи мазһабында, қиындық келтіретін жағдайда ғұсыл құйынатын әйелдердің өрген шаштарын ашып жуғаны қажет емес. Тек қана өрілген ұзын шаштардың түбіне су барса, жетіп жатыр. Бұған Умму Сәламаның (р.а) мына хадисі дәлел: Ол (р.а): «Пайғамбарым! Менің шаштарым өрулі. Жүніптік немесе хайыз үшін ғұсыл алғанда шашымды тарқатайын ба?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Жоқ, басыңа үш рет су құйсаң жеткілікті. Сосын үстіңе су құйып, жуынарсың»[1] – деп жауап берді.

Хазіреті Айша (р.а) : «Біз өрілген шаштарымызды жаймай-ақ жуынатынбыз»[2], – деген»[3].

Ал өрілмеген шашқа қатысты «Әл-фиқх ала мазахибил-арбаға» атты кітабта былай делінген: «Ханафи мазхабы: «(Өрілген) шашты жаю керек емес. Маңызды болғаны – суды шаштың түбіне жеткізу. Ал егер шаш өрілген болмаса, онда су ішіне кіргенше үйкелейді (яғни жуады)», – деген».

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр

Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 

[1] Муслим   

[2] Абу Дауд

[3] Ислам ғылымхалы (ханафи мазхабы бойынша); М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы

Тегтер: ғұсыл
Пікірлер Кіру