Алла тағалаға сенбеген, бірақ жұртқа жақсылық жасап өткен адам жәннатқа кіре ме?

12 шілде 2018 15014 0
Оқу режимі

Барша діндердегі құқықтар мен қазіргі таңдағы қолданатын заңдар бойынша, барлық адамдар заң алдында бірдей, сот құзырында тең дәрежеде қаралады. Ешбір адам өзінің бойындағы ерекшеліктері мен кейбір қасиеттерін алға тартып, жалпыға арналған заң ережелерінен тысқары қала алмайды. Қазақтың мәдениетін әлемге танытуда еңбегі сіңген яки белгілі бір спорт саласында әлемдік деңгейде үлкен дәрежеге жеткен белгілі тұлға мен ондай дәрежеге жете алмаған өзге жандар заң алдында пара-пар. Мысалы, Олимпиядада бірінші орын алып, Қазақстанның көк байрағын әлем алдында желбіретіп, елдің мерейін үстем еткен спорт шебері кісі өлтіріп, «Мені түрмеге жаба алмайсыңдар»,- деп, сот алдында өзін жалпыға арналған заңнан тыс ұстай алмайды. Егер әрбір адам қоғамға істеген игі істерін сылтауратып, мемлекеттен тек өзіне арналған жеке заң талап ететін болса, қоғамда заң деген түсініктің де мәні қалмас еді.

Енді негізгі сұрақтың жауабына оралайық. Мысалы, Эдисон сияқты электр энергиясын тауып, халыққа пайдасы тиген жандардың ақыретте жағдайы қалай болмақ?


Жауап

Егер Эдисон бұл игі ісін Алланың ризалығы үшін істеген болса, Алла Тағала ақыретте ниетіне қарай сауабын береді. Ал егер бұл игі ісімен ел алдында атақ-абыройға кенелуді, тарихта атының қалуын көздеген болса және бойындағы ерекше зеректік пен талантын Алла Тағала емес, табиғат берді десе, Алла Тағала оған сұраған атақ-абыройын мына дүниеде береді. Ал жұмақтағы көз көріп, құлақ естімеген, ақыл ойлап елестете алмаған ғажайып сый-сияпатты өздері мына дүниеде иман келтірмеген Алла Тағаладан емес табиғаттан сұрасын. Мына дүниеде Алла Тағаланы мойындамай арғы дүниеде Жаратушыдан сый-сияпат күту ақылға сыйымсыз болса керек.

Жәннаттағы сый-сияпат – иман етіп, ізгі іс істеген адамдарға ғана арналған. Иман еткен жандар мен иманға келмеген пенделерді тең дәрежеде бағалап, бәріне бірдей жәннатты беру – әділетсіздік. Себебі, нағыз әділеттілік – иманды жанға иманының, салиқалы амалдарының қарымы ретінде жәннатты беру, ал иманнан бас тартып, күпірлікті таңдаған адамға да жазасын беру.

Мына пәни дүниенің өзінде кез-келген мемлекет өзінің заңдарына бағынғандарды мемлекеттік жалпы мүмкіншіліктерден пайдалануға жағдай жасап, құқығын қорғауда. Ал мемлекет заңдарына қарсы іс-әрекет еткен адамдарды бірнеше жылға немесе қылмысының үлкендігіне қарай мәңгілік абақтыға жабуда. Қазіргі таңдағы бұл заңға ешкім қарсы шығып, әділетсіздікке балап, қаралай алмайды. Ендеше, Ұлы Жаратушының ұлы заңдарын адамдардың шығарған заңдарынан төмен санап, әділетсіздікке теңеу ақылды адамның ісі болмаса керек.

Олай болса, Ұлы Патшаның да мына «дүние» деген мемлекетінде қойған өзіндік ереже-қағида, заңдары бар. Ол – Өзіне иман етіп, бұйырған бұйрықтарын орындап, тыйған тыйымдарынан тыйылған құлдарын жәннаттық ғажайып сый-сияпатпен марапаттау. Ал, керісінше, Ұлы Патшаның өзін де, салтанатты патшалығын да мойындамай: «Сен сияқты Ұлы Патша жоқ әрі Сенің билігіңді де, патшалығыңды да мойындамаймын», - деп даңдайсып иманнан бас тартып, Құдайлық заңдардан қашқандарды тозағында жазалау.

Иә, Ұлы Жаратушының бар екенін қабылдамаған адам мына қысқа ғұмырында күпір делінген бір ғана күнәні істегенімен, сол күпірлік арқылы шексіз қылмыс жасайды. Өйткені, Ұлы Жаратушыны жоққа шығару – оның жаратқан мына ғажайып сұлу да үйлесімді әрі сан сырлы мағынаға ие жалпы жаратылысты жоққа санау. Олай дейтініміз, кәпір адам күллі жаратылысты бостан босқа, еш мағынасыз әйтеуір кездейсоқ жара-
тылыс ретінде бағалағандықтан, олардың бойындағы терең мән-мағынаны жоққа шығарып, аяққа таптайды. Әрбір жаратылыстағы Ұлы Жаратушы жүктеген арнайы міндеттерді көре алмағандықтан, оларды қорлаған боп саналады. Мысалы, Күн ешбір мақсатсыз, кездейсоқ әлемге сәулесін шашып тұр. Жер өз-өзінен әйтеуір бостан-босқа шыр көбелек айналып тұр, сиыр да бекерге кездейсоқ сүт береді деп пайымдағандықтан, олардың қадір-қасиетін төмен түсіріп, мән-мағынасын аяққа таптайды. Жаратушының оларға жүктеген ұлы міндеттеріне қиянат жасап, қорлаған саналады.

Бұған қоса әрбір жаратылыстың бойындағы керемет жүйені, үйлесімділікті, мән-мағынаны жоққа санау – олардың әрқайсысының өз болмысымен Хақ Тағаланың бар екендігін паш еткен куәліктерін жалғанға шығару болып есептеледі. Иә, ғаламдағы триллиондаған әр түрлі жаратылысқа жасалған мұнша күнәнің жазасы берілуге тиіс. Себебі, Алла Тағаланың әділдігі осыны талап етеді. Мысалы, белгілі бір мемлекеттің елтаңба, әнұран, байрақ секілді қасиетті рәміздерін рұқсатсыз өзгертуге яки қорлауға болмайды. Олай жасаған адам мемлекет алдында жауап береді. Ендеше, Алла Тағаланың қастерлеген киелі ұғымдарын аяққа таптап, қорлағысы келген пенделер де жазаға тартылуы тиіс.

Ғаламдағы әрбір жаратылыста мөрленген Алла Тағаланың ғажайып нақыштарын мәнсіздікке балап, көзді тарс жұмып оларды көрмеу – Хақ Тағаланың «теңдессіз жаратушы», «ғажайып шебер», «толассыз рызық беруші», «шексіз ілім иесі» тәрізді сансыз ұлы сипаттарын мәнсіздікке теңеу, тіпті оларды жоққа шығару болғандықтан күнәсі де ауыр, тіпті шексіз. Себебі, бұл күнә жай ғана бір адамның құқығына емес, Алла Тағаланың өзіне, ұлы сипаттарына жасалуда.

Иә, адам баласының Ұлы иесін танымай, Оның тегін берген сансыз жақсылығы мен ырыс-берекесін мойындамай мына дүниеден өтуі – өзіне жүктелген негізгі міндетін, адамдығына сай асыл борышын, мына өмірге жіберілудегі «иман ету» миссиясын орындамауы болып саналады.

Өзін ерекше ақыл-ой, әр түрлі үстем қабілеттермен безендіре жаратқан Ұлы Иесін танымай, «мұның бәрін табиғат жасады» деп, опасыздық жасаған құл Ұлы Иесінің ақыретте дайындаған сый-сияпатына лайық па? Әрине, жоқ. Бірақ, Ұлы Жаратушыға сенбеген барлық пенделердің ақыреттегі жазалары бірдей болмайды. Олардың мына дүниеде істеген күнәлары мен жақсылықтарының тозақтағы жазаларына да өзіндік әсері болары сөзсіз.

Қайрат Жолдыбайұлы

Тегтер: намаз
Пікірлер Кіру