Жұма намаздың соңғы отырысында қосылған адам, жұма намазына үлгірген бола ма?

22 сәуір 2025 118 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкүм! Жұма намаздың соңғы отырысында қосылған адам, жұма намазына үлгірген бола ма?


Жауап

Жұма намазына кешігіп келіп, құтпаны тыңдай алмаған адам уәжіпті тәрк еткен болып саналады. Алайда ол жұма намазына қосылу арқылы әлі де парызын өтей алады. 
Ғалымдарымыз жұма намазына кешігіп, екінші ракағаттың рукуғы аяқталмастан қосылған кісінің жұма намазына үлгірген болып табылатыны жайында бір ауыздан келіскен. Ондай жағдайға тап болған әлде кім имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін бар ракағатын өзі жеке толықтырады. 
Ендігі мәселе жұманың екінші ракағатының рукуғынан кейін қосылған кісінің жағдайы не болмақ?! Яғни, бұл жағдайда ол екі ракағаттың екеуіне де үлгірмегені анық. Имам Абу Ханифа мен Абу Юсуф ғалымдарымыз: тіпті соңғы отырыста қосылса да, жұмаға үлгірген болады деп айтуда . Себебі ол намазға кіріскенде жұма ниетімен кіріседі . Дәлел ретінде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалпы кез келген жамағат намазы жайында қағида ретінде салып берген мына сөзі:
إذا أُقيمتِ الصلاةُ فلا تأتُوها و أنتم تسعون ، و أتوها و أنتم تمشون ،
 و عليكم السكينةُ ، فما أدركتُم فصلُّوا ، و ما فاتكم فأَتِمُّوا
“Намаз басталып, оқылып жатқанда оған жүгіріп келмендер! Тыныш қана барып қосылындар! Үлгіргендерінді (жамағатпен бірге) оқыңдар. Ал үлгірмегендерінді (жеке оқып) толықтырындар . ”
Имам Мұхаммед болса: екінші ракағаттың рукуғынан кейін қосылған адам жұманы емес, бесін намазын оқуы керектігін айтуда Ахмад ибн Мұхаммад әл-Құдури, “Мұхтасару-л-Құдури” 124 бет . Себебі бұл намаз бір жағынан жұмаға екінші жағынан бесінге ұқсайды. Бұндай адам жұманы өткізетін имаммен әрі жамағатпен бірде бір ракағатын да оқымады. Ал имамға ұю мен жамағатпен бірге намазды оқу - жұма намазының негізгі шарттары . Хадисте былай деп келген:
مَن أدركَ ركعتَهُ من الجمعةِ فقد أدركَ الصلاةَ فليُضِفْ إليها أُخرَى
“Кімде-кім жұманың бір ракағатына үлгірсе, ол намазға үлгірген болып табылады. Оған тағы бір ракағат қоссын!” .
Қорытынды: Жұма намазының екінші ракағатынан кейін намазға қосылған кісі Имам Абу Ханифа мен Абу Юсуфтың ұстанымы бойынша намазға үлгірген болып саналады. Бұл мазһабымызда негізгі көзқарас . Алайда Имам Мұхаммед және де басқа мазһаб ғұламалары да, екінші ракағаттың рукуғынан кейін қосылған адам жұмаға үлгірмейтінін айтуда. Сондықтан да, барынша жұма намаздың соңғы отырысына қалдырмай, екінші ракағаттың рукуғы аяқталғанша дейін қосылғанымыз жөн екені сөзсіз. Себебі, ғибадат мәселесіне аса сақтықпен қарау керек. 

Астана қаласының пәтуаға жауапты маманы Дарханұлы Тамирлан
 

Пікірлер Кіру