Қоғамдық көлік билетін кондукторға қайтарып беру дұрыс па?

05 қараша 2018 9425 0
Оқу режимі

Сәлеметсіздер ме? Қоғамдық көліктерде ақша төлегеннен кейін кей кондукторлар шығарда билетті қайта қайтаруымызды сұрап жатады, ал кейбір қоғамдық көліктерде билетті мүлдем бермейді де... Олардан билетті сұраған жағдайда ұрысып беруге де дайын тұратыны бар. Сол билеттерді алып-алмау туралы шариғатта бірнәрсе айтылған ба? Гүлсара.


Жауап

Сәлеметпіз. Әрине, Құран Кәрім мен сүннеттің аясында кондукторлар мен билет туралы мәлімет таба қоймаспыз. Алайда, фиқһ ғалымдары бұл сынды мәселелерде «сәдду зараиғ» деп аталатын тәсілді қолданған. Сәдду зараиғ дегеніміз – алдын алу деген мағынаға саяды. Яғни, келешекте кері нәтиже беруі мүмкін нәрсеге осы бастан тосқауыл қою. Қоғамдық көлік пен билет мәселесі де осыған кіреді. Ендеше, билетті кондукторға қайтарып беруден нендей зиян келуі мүмкін?

Біріншіден, қоғамдық көліктерде сатылған билеттер ақшасы халыққа қызмет көрсетудің сапасының жоғарылату жолына жұмсалатынын ескеруіміз қажет. Ал, осы орайда үкімет бекіткен автопарк қазынасына емес, кондуктор қалтасына кететін ақша қоғамдық көліктердің сапасы мен қызметін жоғарылатуға кедергісін келтірмей қоймайды.

Екіншіден, сатылған билеттер санына сәйкес қоғамдық көліктерді тұтынушы халықтың орта есебі шығарылады. Яғни, қай бағытқа қанша көлік қойылатынына әсерін тигізеді. (Адамның аздығы маршруттың азаюына әкеліп соғуы мүмкін).

Үшіншіден, қала қазынасының шығыны көбейе түседі. Бұл жағдай өз кезегінде билеттің қымбаттауына әкеліп соғады. (Мысалға, билет бағасының 200 тенгеге көтерілуі).

Төртіншіден, кондуктордың ниеті – ақшасын төлеп, алайда жол жүру билетін талап етпеген жолаушылардың қаржысын өзіне қалдыру болуы мүмкін. Бұл ісі, әрине, күнә болмақ. Ал, осы іске көзді жұмып қарау – сол іске разылық таныту болып табылады. Мұсылман адам күнәлі іске разы болмауы тиіс.

Міне, қоғамдық көліктегі билетті алмау мен оны қайта қайтарып беру мәселесі осындай кері жағдайларға әкеледі екен. Ендеше, бұл мәселенің алдын алу үшін әр азамат жол жүру билетін алуы керек әрі оны қайтармасын деп қана айта аламыз.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

Пікірлер Кіру