ҚАЛЫҢМАЛ ЖАЙЫНДА ДІНІМІЗ НЕ ДЕЙДІ?

18 қараша 2024 282 0
Оқу режимі

ҚАЛЫҢМАЛ ЖАЙЫНДА ДІНІМІЗ НЕ ДЕЙДІ?


Жауап

Қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал[1]. Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті «дустиман» деп атайды[2].

Қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар:

  1. Кейбір Хорезмдық және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалыңмалды тездетіп берілетін мәһір деп санаған[3].

Имам әл-Касани: «Неке қию барысында қыз разылығын ашық айтуға ұялғанындай, мәһірін сұрауға да қысылады. Қыздың үндемеуі оның разылығын білдіргеніндей, мәһірін әкесі алып жатқанда да үндемеуі разы екендігін білдіреді. Әдетте әкесі мәһірді алғаннан кейін үстіне қаражат қосып, қыздың артынан жиһазын алып барады»[4], – деген.

  1. Кейбір ғалымдар қалыңмалды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз т.б.) есесіне берілетін сыйлық деген.

Ибн Абидин: «Неке қиярда «дустиманды» мәһір деп айтса, онда ол тездетіліп берілген мәһір есебінде болады әрі күйеуі жасауын алып келуді талап ете алмайды. Ал неке қиярда мәһір деп айтылмаса, ол қарымта қайтару шартымен берілген сыйлық болып саналады. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыпқа сай қыз тарапынан жасау талап ете алады»[5], – деген.

Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады.

Ал «әке еңбегі», «ана сүті», т.с.с. қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды[6]. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді[7].

Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһір-мисл береді.

 

Шешім:

  1. Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
  2. «Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

[1]  Қазақ энциклопедиясы, 5/510.

[2] «Радду әл-мухтар», 6/715.

[3] «Радду әл-мухтар», 4/310.

[4] «Бәдәиғ әс-сәнәиғ», 3/355.

[5] «Радду әл-мухтар», 5/299.

[6] «Мажмағу әд-доманат фи мәзһаби имам әл-ағзам Әби Ханифата ән-Нуғман», 1/720.

[7] «Әл-фәтауа әл-адлия, 19-бет.

 

«Мұнара» газеті, №21, 2024 жыл 

 

Автор: Қожанов Қасым

Пікірлер Кіру