МҰСЫЛМАН ЕМЕС АДАМҒА КЕШІРІМ СҰРАП, ДҰҒА ЕТУГЕ БОЛАДЫ МА?

13 қараша 2023 2868 0
Оқу режимі

Сұрақ: Мұсылман емес адам үшін кешірім сұрап, дұға етуге болады ма?


Жауап

Шариғатымызда дүниеден өткен мұсылман адам үшін дұға жасап, Жаратқаннан рақым тілеу – сауапты амалдардың бірі. Ал мұсылман емес адам үшін жаназа намазын оқуға, кешірім сұрап, жарылқау тілеуге, дұға жасауға болмайтыны жайында шариғатымызда дәлелдер келген. 

Алла Тағала мұсылмандарға дүниеде иман келтірмей, анық күпірлікпен өлген адамға жарылқау тілеуге тыйым салған. Қасиетті Құранда «Тәубе» сүресі, 113-аятта:

  مَا كَانَ لِلنَّبِيِّ وَالَّذِينَ آمَنُوا أَنْ يَسْتَغْفِرُوا لِلْمُشْرِكِينَ وَلَوْ كَانُوا أُولِي قُرْبَى مِنْ بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُمْ أَنَّهُمْ أَصْحَابُ الْجَحِيمِ 

«Пайғамбарға және мүміндерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да мүшріктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды», – деген. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көкесі Әбу Тәліпке ең болмаса бір рет «Лə илаһə иллаллаһ» деп айт, мен саған қиямет күні шапағат етейін», – деген кезінде, Әбу Тәліп бабаларының дінінде қалатынын білдіріп, кәлиманы айтудан бас тартты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла мені тыймайынша сен үшін кешірім сұрауды тоқтатпаймын»[1], – деді. Осыған орай Алла Тағала жоғарыда келген «Тәубе» сүресінің 113-аятын түсірді. 

Имам ән-Науауи (Алла оған рақым етсін) «әл-Мажмуғ» кітабында: «Дүниеден мұсылман болып өтпеген адамға жаназа намазын оқып, жарылқау тілеу, оның артынан дұға ету Құран аятымен және ғұламалардың бір ауызды келісімімен харам»[2], – деген. Төрт мазһаб ғалымдары: «Дүниеден өткен мұсылман емес адамға артынан жарылқау тілеу – харам»[3], – деп үкім шығарған. 

Ал тірі кезінде мұсылман емес адамға «Алла тура жолға салсын» деп дұға етудің оқасы жоқ. Имам әл-Әлуси «Рух әл-Мағани» тәпсірінде: «мұсылман емес адамның өлімінің соңы қалай аяқталатыны белгісіз болғандықтан Алладан тура жол, иман сұрап, дұға ету ақыл жағынан да, нақыл жағынан да рұқсат»[4], – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһым қауымымды кешір, олар білместіктен істеп жатыр»[5], – деген. Имам әл-Айни (Алла ол кісіге рақым етсін) «Умдату әл-Қари» кітабында: «Оларды кешір деген сөзінің мағынасы оларды Исламға баста, дегені. Себебі кешірім тілеу Исламға кірумен болады. Өйткені күпірліктің күнәсі кешірілмейді»[6], – деп осы хадиске түсіндірме берген. 

Ал мұсылман емес адам ауырып қалса, барып жағдайын білуге, сондай-ақ дүниеден өтсе туыстарына «сабырлық берсін» деген секілді жылы сөздермен көңіл айтуға болады. 

Үкім:

1.  Мұсылман емес адамға иманға келуін үміт етіп, Алладан тура жол сұрап, дұға етуге болады.  

2.  Мұсылман болмай дүниеден өткен адам үшін кешірім сұрап, жарылқау тілеуге рұқсат етілмейді.  

3.  Мұсылман емес адам ауырып қалса, көңілін сұрауға, дүниеден өтсе, туыстарына көңіл айтуға болады.  

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

[1] Бұхари мен Муслимде келген.

[2] «Әл-Мажмуғ», 5-том, 120-бет.

[3] «Әл-Мұхит әл-Бурһани», «әл-Баян», «Шарх әл-Мунтаһа».

[4] «Рух әл-Мағани», 8-том, 418-бет.

[5] «Сахих әл-Бұхари», 4-том, 175-бет.

[6] «Умдату әл-Қари», 10-том, 151-бет.

 

Пікірлер Кіру