16 мамыр 2023 3561 0
Оқу режимі

Ғайбат айтып қойғаным үшін қалай тәубе етемін? тәубе етудің шарттары қандай


Жауап

Әсілі, кешірім сұрауды әдетке айналдырған дұрыс. Ғайбаттаушы ғайбатталған адамға жағдайды айтып, кешірім сұрауы керек. Мысалы, «сені ғайбаттадым, кешір» деп, мүмкін болса, болған жай айтылады. Егер жағдайды баяндау барысында айтылған сөздер өткенді еске салып кісінің жүрегін қайта жаралайтын болса, онда тек «ақыңды кеш» деп, кешірім сұраған жөн. Ғайбатталған кісі де мүмкін болса барлық нәрсені егжей-тегжейлі сұрамай-ақ, парасаттылық танытып «кешірдім» дегені абзал. Кейбір ғалымдар ғайбатты үш түрге бөледі:

1. Ғайбат жасап тұрып «мен ғайбат жасап тұрған жоқпын, оның бойындағы мінді айтып тұрмын» деп айтуы, харам екені белгілі нәрсені халал деу, бұл - күпірлік.

2. Ғайбаттаушының айтқандары ғайбатталған адамның құлағына жететін болса, ол кісіден кешірім сұрамайынша тәубесі толық болмайды. Керісінше, оның құқығына қол сұғып, құл ақысын жеген болады.

3. Ғайбаттаушының сөздері ғайбатталғанның құлағына жету ықтималы жоқ болса, өзі үшін әрі ғайбаттаған адамы үшін кешірім тілеп тәубе ету арқылы кешіріледі. Кейбір ғалымдар міндетті түрде ғайбатталған кісінің өзінен кешірім алынуы керек десе, кейбіреулері Аллаға тәубе етіп кешірім тілеу жеткілікті деген. Ғайбат сөзді бар ықыласымен ерікті түрде құлақ түріп, ынта қоя тыңдаған адам да ғайбаттаушымен тең.

Пайғамбарымыз: «тыңдаған адам да ғайбаттаушылардың бірі», – деген. Сондықтан біреудің сыртынан жаман сөз айтылғанда оған тосқауыл болуы керек. Пайғамбарымыз: «Кімде-кімнің қасында мұсылман бауыры жамандалып, кемсітіліп жатқан кезде күші жете тұрып оған көмектеспесе, қиямет күні Алла тағала да оны төмендетіп масқара қылады», – дейді. Егер ғайбаттаушыға күші жетпесе, ділімен оны айыптап, шамасы келсе ол жерден кеткені жөн. Ғайбаттаушы және ғайбатты қарсылық білдірмей өз еркімен тыңдаушы мұсылман абайсызда осындай жиіркенішті қылыққа бой алдыратын болса: «Аллаһумағфир ләнә уә лимәниғтәбнәһу» (Аллам, бізді және ғайбаттаған адамымызды кешіре гөр!) деп дұға етіп, артынан жамандап сөз айтқан бауырынан міндетті түрде кешірім сұрауы керек.

Пікірлер Кіру