Қыз айттырған жігіттің мінін айту айып па?

21 қыркүйек 2022 5583 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Құда түсіп қыз айтырғалы жатқан жігіт жайлы қыздың туыстары болашақ күйеу баланы танитындардан сұрағанда кемшілік немесе мінін айту күнә ма? Отбасы болып кетсін деп кемшілігін жасырған дұрыс па?    


Жауап

Уалейкум ассалам!

Болашақ күйеу жігіт немесе қалыңдық жайлы сұрағанда, білетін адам болса олардың шариғи және мінез-құлық жағынан кемшін тұстарын айтуы тиіс. Өйткені, кеңес берушінің бұл әрекеті тыйым салынған ғайбат сөз емес, керісінше кеңес беру және жамандықтан сақтандыру болып есептеледі.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Қайсқызы Фатима өзіне Мұғауия мен Әбу Жаһм құда түспек болып жатқанын айтып, кеңес сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әбу Жаһм иығынан таяғы түспейді, ал Мұғауия мал-дүниесі жоқ тақыр кедей»[1], - деді. «Әбу Жаһм иығынан таяғы түспейді» деген сөздің екі мағынасы бар: көп жолаушылап кетіп қалады және әйелін ұрады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің біреуіңнен бауыры ақыл-кеңес сұраса, оған шынайы сөзін айтсын»[2], - деген. Сонымен бірге, «Кеңес сұраған - жамандықтан қорғалған»[3] деген Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бар.

Амр бин Маймун (р.а.) мынадай жағдайды риуаят етеді: «Біләлдің бауыры арабтарға сіңісіп кеткен, өзін де солардың бірі деп білетін. Ол бір арабтың қызын айттырды. Сонда қыз жақтағылар: Біләл келсе, саған қызымызды береміз, - деді. Біләл келіп: Мен Рабахұлы Біләлмін, ал мынау бауырым. Ол діні мен мінезі нашар адам. Егер қыздарыңызды тұрмысқа беруді қаласаңыздар, беріңіздер. Ал, бермеймін десеңіздер, бермеңіздер, - деді»[4].

Түйіндей айтқанда, отбасын құру – аса жауапты қадам. Адам тағдыры шешіліп тұрған шақта ақыл-кеңес беруде қажетті жайттарды бүгіп қалмау керек.

 


[1] Муслим
[2] Бұхари
[3] Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжа
[4] Хаким

 

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру