ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2023: 186 154 СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРІЛДІ

29 желтоқсан 2023 1679 0
Оқу режимі

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары жыл басынан бері еліміз бойынша 186 154 сұраққа жауап берді. Бұл туралы ҚМДБ Төрағасының орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы баяндады.

Пәтуа мамандары жеке кездесуде, телефон арқылы хабарласушыларға және әлеуметтік желі қолданушыларының сауалдарына жауап беріп келеді. Мәселен, биыл 41 120 сұраққа жеке кездесуде жауап берілсе, телефон арқылы 57 751, ал әлеуметтік желі қолданушыларының 87 283 сұрағына жауап берілген. 

Бұдан бөлек республикалық Діни ақпарат беру орталығының мамандары (Call-орталық) жыл бойына 8786 сұраққа жауап берген. Оның ішінде құлшылыққа қатысты 4519, отбасыға қатысты 952, қарыз бен сауда-саттыққа қатысты 756, теріс ағымдар жөнінде 72, сондай-ақ өзге тақырыптарда 2487 сұрақ қойылған. Ал діни сұрақ-жауап ретінде әзірленген 198 мақала әзірленіп, оның 60-ы fatua.kz пен muftyat.kz сайттарына, газет-журналдарға жарияланды. 

Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуаларды түсіндіру бойынша имамдарға 106 семинар, ал мешіт жамағатына 2426 пәтуа сағаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ораза мен құрбандыққа қатысты сұрақ-жауап топтастырылған екі кітап жарық көрді.

Сондай-ақ шариғат және пәтуа мамандарына отбасы құқығына қатысты 375 өтініш түсіп, оның барлығы оң шешімін тапты. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру