Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

15 желтоқсан 2019 7455 0
Оқу режимі

Тәуелсіздік күні – еліміз үшін өзге мейрамдардан мәртебесі биік, маңызы терең, қадір-қасиеті мол мереке. Бұл – бабалар аңсап өткен, жолында жаны құрбан болған, ұлы күн. Әуелі әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың қазақ халқына шексіз мейірім-шапағатының арқасында бұл күн бізге бақ болып бұйырды. Тәуелсіздігіміздің сындарлы жылдарында елдігіміз нығайып, төрткүл дүние бағалаған мемлекетке айналдық.

Бұл күн халқымыздың болашаққа деген үміт отын жағып, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізіп, өмірімізді бақытты етуімен аса маңызды, ерекше қымбат. Тәуелсіздігіміз – азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің ұлы – қайратты, қызы – ибалы, халқы – қаһарман. Тіл мен ділдің, салт-сана мен дәстүрдің мызғымас тірегі де – тәуелсіздік! Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйірілді.

Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін Құран Кәрімде баяндалған мына бір аяттан айқын аңғаруға болады. «Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал етті: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді (яғни, бейбітшілік пен ризық-нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп, жапа тарттырды».

Расында, ой жүгірткен саналы жан бүгінгі бейбіт заманымыз үшін, тәуелсіздікпен келген игіліктер үшін шүкірлік етуі қажет-ақ. Келесі бар аятта Алла Тағала: «Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бой ұсыныңдар», – деп біздерге әмір етеді. Әйгілі ғалым Ибн Кәсир бұл турасында: «Анығын Алла жақсы білуші, жоғарыдағы аят, күллі басшылар мен ғұламаларды қамтиды», деп түсініктеме берген екен. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла сіздердің үш амалдарыңызға разы болады: Біріншісі – Аллаға ғана құлшылық қылып, Оған еш нәрсені ортақ қоспауларың. Екіншісі – бүтіндей Алланың жібіне (яғни, дініне) жармасуларың. Үшіншісі – Алла сіздердің істеріңізді басшылыққа алуды нәсіп еткен басшыларыңызға кеңес беріп, шынайылық танытуларыңыз (басшыларымызға бағынуымыз қажет)»,деп, өз өсиеттерінде басшыға бағынуды, бейбітшілікті сақтауды әмір етеді.

Біз намазда бір имамға қалай ұйып, сап түзеп, бағынған болсақ, осындай бейбіт қоғамды қалыптастырып, мұнаралы мешіттердің көбеюіне, азанмен таңды атырып, құптанды жамағатпен бірге аяқтауымызға, Құранды оқуымызға, білім-ғылым игеруімізге, ел мен жерге қызмет қылуға қолдау білдіріп отырған басшыға бағыну да басты міндетіміз болмақ. Өйткені, үрей мен қауіпке, қорқыныш пен қатерге бой алдырған қоғамның берекесі қашады. Ондай бақытсыздықтан Алла елімізді сақтағай деп тілейміз.

Ендігі біздің һәм келер ұрпақтың міндеті мен борышы – осы тәуелсіздік атты қастерлі бақытымызды көздің қарашығындай сақтап, тұмарындай тағынып, Отан үшін жан аянбай еңбек етіп, тер төгу. Елорда руханияты биылғы тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесін үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр.

Сол себепті Тәуелсіздік күні барша Қазақстан халқы үшін айрықша мереке. Алла Тағала біздің осы бақытымызды баянды, болашағымызды мәнді, тәуелсіздігімізді мәңгі еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі арта түскей. Ұлтымыздың ұлық мейрамы – Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы

Пікірлер Кіру