Семейлік имамдар Абай әлеміне саяхат жасады (ФОТО)

16 қаңтар 2020 5454 0
Оқу режимі

Абай хәкімнің 175 жылдық мерейтойына орай ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкілдігі де елеулі шараларды қолға алып отыр.

Соның аясында аймаққа қарасты мешіттердегі дін қызметкерлері, аудан-ауыл имамдары шаһардағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында болып, ақын өміріне қатысты құнды жәдігерлерді тамашалап, экскурсия жасады.

Дін қызметкерлері үшін бұл танымдық іс-шара тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бас имам Асқар Мұқановтың бастамасымен өткізілген экскурсия барысында имамдар мұражайдың көрме-залдарындағы Абайдың өзі тұтынған заттарды көріп, сырына қанықты. Оның көпшілігін ақынның өзі Семейдегі өлкетану мұражайына тапсырыпты. Сол тәрізді тамашалаушылар Абайдың өз ұлы Мағауяға жазған хатын да көріп, оқи алды.

Имамдар сондай-ақ, көне Шағатай тілінде, қадим жазуымен басылған тарихи әдебиеттерге де назар аударды. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мұнда араб қарпімен жазылған 252 көне кітап бар. Олардың барлығы дерлік заманында Абай тәлім алған Ахмет Риза медресесінің қолжазба жинақтары екен.

Дін қызметкерлері сондай-ақ, Абай хакімнің жасөспірім шағында тұрақты жатып оқып, діни дәріс алған Ахмет риза медресесінде де болып, сирек кездесетін тарихи кітаптардың түпнұсқаларымен танысты. Әсіресе, Абай дәуірінде медресе шәкірттерінің қолтаңбалары, есептер мен араб-парсы тіліндегі шимай-жазулары бар көне есікке баса көңіл аударды. Бұл – хәкімнің алақанының табы қалған аса құнды жәдігер.

Дереккөз: Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру