ҚМДБ: «Зекет» қоры 50 отбасыға сыйлық жасады (ФОТО+ВИДЕО)

07 наурыз 2019 7353 0
Оқу режимі

Қазір елімізде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. ҚМДБ жанындағы «Зекет» қоры өңірлердегі өкілдіктерімен біріге отыра,осы бастамаға қолдау көрсету мақсатында Астанада  көпбалалы, қолында мүгедек балалары бар, тұрмыс жағдайы төмен 50 отбасыға көмек көрсетті. «Қайырымдылық істесең, қайырын өзің көресің» атты шара аясында оларға тұрмысқа қажетті азық-түліктер таратылды. Іс-шараға наиб мүфти Бауыржан Әбдірашұлы қатысып, Исламда қайырымдылық жасаудың маңыздылығы жайлы сөз қозғады. «Зекет» қорының басты бағыты әлеуметтік аз қамтылған, көмекке зәру жандарға қажетті қолдау көрсету екендігі айтылып, алдағы уақытта бұл игі іс жалғасатынын атап өтті.

Көмек алушы азаматтардың әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат «Зекет» мобильді қосымшасындағы электронды базаға енгізілген. Демек, кез келген адам көмекке лайықты отбасыларына өзінің көмегін жасауына мүмкіндік бар.

Айта кетсек, жуырда «Зекет» қоры Талдықорған қаласында алты баланың анасына 11-баспананың кілтін табыстады. Аталған шара «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асты. Бұл шараға Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың өзі қатысып, кілтті табыстады.

Сонымен қатар, 12-пәтер Ақтөбе облысында пәтерге аса мұқтаж жанұяға берілді. Мақсатымыз – қоғамда тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсету. Бұл шара тұрақты түрде жүзеге асатын болады.      

Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің. «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры 2018 жылы республика бойынша 25 мың жанұяға қайырымдылық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, 5 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Мүгедек балалардың ем-домына қаражат бөлді. Өткен жылы «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында баспанаға аса зәру 9 отбасына пәтер берілді. 1 жылда қайырымдылық бағытында 160 млн. теңге қаражат жұмсалды. 

Алла Тағала Құранда: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» («Әнғам» сүресі, 160-аят), – деп баяндаған. Осы ретте ҚМДБ «Зекет» қоры жомарт, қайырымды жандарды игі, ізгі, сауапты іс-шараларға белсенді түрде үлес қосуға үндейді.

 

Дереккөз: «Зекет» қоры Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру