ҚМДБ төрағасы Мырзатай Жолдасбековпен сұхбаттасты (ФОТО)

13 ақпан 2020 4709 0
Оқу режимі

Бүгін Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі түрколог- ғалым Мырзатай Жолдасбековпен сұхбаттасты.

Кездесуде мүфтият жанынан Ақсақалдар кеңесін құру, жастарды дәстүрлі құндылықтарға тәрбиелеу, Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында бірлескен шараларды жүзеге асыру, имамдардың білімі мен тәжірибесін арттыру сынды бірқатар мәселелер талқыланды.

Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтаған Мырзатай Жолдасбеков: «Алла әрқашан абыройыңды арттырып, мерейіңді үстем етсін. Жаңа қызметіңде жақсылықтарға жете бер. Еліміздің еңсесі биік болғай. Дін қызметінде жүрген ұжымыңа, барша имамға Алланың берекетін тілеймін. Білімді болыңдар. Сол білімді халыққа жайыңдар. Халық аман, жұрт тыныш болсын» деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Абыз ақсақалға алғысын білдірген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанынан Ақсақалдар кеңесі ашылатынын тілге тиек етті.

«Сіз өмірде көргеніңіз бен түйгеніңіз көп қазыналы тұлғалардың бірісіз. Біз сіздің кеңесіңізді тыңдап, оны діни салада жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Дін қызметкерлеріне ғибратты дәріс оқып берсеңіз деген тілегіміз бар. Сонымен қатар, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесі жұмысына белсене араласып, ақсақалдық ақылыңыз бен кеңесіңізді айтып отырсаңыз. Алла сізге де күш-қуат берсін!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында ғалым өзінің «Кісілік келбеті», «Ойтолғау», «Ұлы дала әдебиеті» сынды 30-ға жуық кітабын Бас мүфтиге сыйға тартты. Өз кезегінде ҚМДБ Төрағасы да ақсақалға кәде-сый ұсынды.

 

Пікірлер Кіру