ҚМДБ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЖЫЛАР ДІН АМАН

18 маусым 2024 1335 0
Оқу режимі

Қазақстан қажылық миссиясы қасиетті Мекке жерінде ұлы сапарға келген отандастарымыздың дін аман екенін хабарлайды.

Миссиядағы дәрігерлер тобының жетекшісі Ардақ Айтбайұлының айтуынша, медициналық орталық көмегіне 14-16 маусым күндері 703 қажы жүгінген. Олардың қатарында жүрек, қантамырлары, жоғары және төмен тыныс және асқазан-ішек аурулары, сондай-ақ басқа да (мазоль жарақаты, аллергия, конъюнктивит, т.б.) сырқат бойынша 120 қажы екі немесе бірнеше рет тексерілген.

«Бұдан бөлек, 15 маусымда Мұздалифада қан қысымы көтерілген қажыға жедел алғашқы көмек көрсетіліп, дәрігердің бақылауымен қонақүйге жөнелтілді. Кеше 16 маусымда Мина жазығында транзиторлық ишемиялық ұстама бойынша бір қажыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жатқызылды. Сонымен қатар, бүгін Жамаратта шайтанға тас лақтырып келе жатқан жолда қанты төмендеп, есінен танып жатқан әйел адамға тез арада көмек көрсетіліп, ол да стационарға жеткізілді. Аллаға шүкір, қазіргі таңда аталған науқастар дәрігерлердің толық бақылауында, жағдайлары бірқалыпты. Одан бөлек, елімізден әкелінген дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Біз үшін әрбір қажының денсаулығы маңызды» дейді Ардақ Айтбайұлы.

Айта кетейік, бірер сағат бұрын ақпарат құралдарында Меккедегі аптап ыстықтан бірнеше адамның қаза тапқаны туралы хабарланған еді. Осы орайда Қазақстан қажыларының арасында қайтыс болған ешкім жоқ екенін тағы да мәлімдейміз. Сондай-ақ Қазақстан қажылық миссиясының құрамында 4 дәрігер және 16 туроператордың әрқайсында 1 дәрігерден, барлығы 20 білікті медицина маманы ем-шара жұмыстарымен айналысуда.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру