Нұр-Мүбәрак университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті (ФОТО)

10 желтоқсан 2019 5002 0
Оқу режимі

Көп тіл білу – ел дамуы үшін маңызы зор қажеттілік. Нұр-Мүбәрак университеті бұл мәселені жіті назарда ұстап келеді. Осыған байланысты Араб және ағылшын тілі кафедрасының ұйымдастыруымен «Көптілділік – бүгінгі заман талабы» атты IІ студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстан мен Мысыр елі арасындағы алтын көпірге айналған университеттің салтанатты шарасы қос елдің әнұранымен басталды. Беташар сөзде ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди жастардың білімге деген құштарлығы мен студенттердің бір емес, бірнеше тілді меңгеруге мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, Араб филологиясы факультетінің деканы, PhD доктор Адам Махмуд Ахмед факультетте жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы таныстырып, студенттердің белсенділігіне ризашылық білдірді.

Конференцияны кафедра оқытушылары, ф.ғ.д. Г.Рысбаева және PhD докторант О.Шаяхметов ұйымдастырды. Жиында үш секция бойынша жұмыс жүргізілді. Олар – «Араб тілін жетік меңгеру – білікті исламтанушы маман дайындаудың негізі», «Шетел тілінің қазіргі кездегі заманауи көпмәдениет әлеміндегі рөлі», «Көптілділік – заман талабы».

Студенттер өздері алған тақырыптарын қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде қорғап шықты. Ал пленарлық бөлімде студенттер үш тілде баяндама жасады. Үш тілде оқытудың негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Конференцияға 3 мамандық бойынша 54 студент қатысып, А.Сейдалиева, Н.Дулат, Р.Жүсіп, А.Тойгажинов, Р.Елеусізбаева, Ж.Жаксанов, Б.Құдайбергенов, Қ.Харжаубай, Қ.Сарсенова, А.Оспанова, С.Сатыбалды, Н.Ноғаева, Н.Паттал, А.Тобықбаева, Е.Жұманқұлов, А.Көбей, Б.Әубәкіров,  С.Сайлаубек секілді 18 студент жүлделі орынға ие болды.

Көптілді білім беру – мәдениетті тұлға қалыптастырудың өзегі. Сондықтан мұндай конференция болашақ мамандарға көптілді білім беру бағдарламасы аясында тəжірибе жинақтап, əлемдік деңгейге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Көптілділікке үндеген конференция

 

Пікірлер Кіру