«Шейх Кунта қажы» мешітіне жаңа бас имам тағайындалды (ФОТО)

04 мамыр 2018 11433 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні Астана қаласындағы «Шейх Кунта қажы» мешітіне жаңа бас имам тағайындалды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұма намазына жиылған жамағатқа Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығын оқып беріп, жаңа бас имам Ережепов Сәбит Әзімбайұлын таныстырды.

Бұл сүйінші жаңалықты мешіт жамағатымен бөлісуге наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен бірге ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Астана қаласының өкіл имамы Асқар Мұқанов бастаған діни қызметкерлер келіп, қасиетті жұма қатысты.

Осыдан жеті жыл бұрын жамағатқа есігін айқара ашқан «Шейх Кунта қажы» мешітінің алғашқы бас имамы болып Жақия қажы Исмаилов тағайындалған болатын. Осы уақыт ішінде талай іргелі істердің ұйытқысы болып, жамағат алғысына бөленген Жақия қажы Исмаиловпен жамағат қимай қоштасып, өз ризашылықтарын жеткізіп жатты. Жамағат алдында Жақия қажының дін саласындағы ерен еңбектерін атап өткен наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сәбит Әзімбайұлына құттықтау лебізін білдіріп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

«Бұл қызметтің жауапкершілігі жоғары. Әуелі Алланың алдындағы жауапкершілік бар. Алла сізге жар болсын. Жамағатыңызға шынайы махаббатпен, сыйластықпен, айрықшп ықыласпен қызмет етуді нәсіп етсін. Қасиетті Шағбан айында Рамазан айының қарсаңында тағдырыңызда осындай өзгерістер болып жатыр. Алладан сәттілік тілеймін»,  - деді наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Тегтер: Бас имам
Пікірлер Кіру