Наиб мүфти түркия дін істері басқармасынан келген комиссияны қабылдады

28 маусым 2018 8896 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратында наиб мүфти Алау Әділбаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігінің Дін мәселелері жөніндегі кеңесшісі Галип Акын, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының білім және ғылым саласына қарасты бөлімінің басшысы Абдуллах Гүмүшсой, сонымен қатар Түркия республикасы Дін істері басқармасының жалпы білім және ғылым бөлімінің аға қызметкері Махмут Шахинді қабылдады.

Наиб мүфти Алау Әділбаев алдымен ҚМДБ төрағасы, Бас муфти Серікбай Ораз хазіреттің сәлемін жеткізіп, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының еліміздегі дін кадрларын дайындауға үлес қосып отырғандықтары үшін алғыс айтты. Кездесу барысында алдағы уақытта Хасеки оқу орнына қабылданатын оқушыларға қандай талаптар койылатындығы жөнінде әңгіме қозғалды. Келген қонақтар Түркия елінде Хасеки академиясының қызметінің маңыздылығын атай келе, Қазақстанда да ҚМДБ ұйымдастыруымен осындай орталық ашылған жағдайда тәжірибелі ұстаздар жіберу, тиісті оқу бағдарламаларын жасау және методикалық кеңес беру арқылы жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін ерекше атап өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шақыртуымен келген жоғарыда аталған комиссия мүшелері 27 маусым күні Түркия еліндегі Хасеки оқу орнына құжат тапсырған 32 үміткерден емтихан алады. Емтихан сұхбат түрінде өтеді және үміткерлердің діни білімі, тіл білу сауаттылығы және жалпы білім деңгейі анықталады. Жалпы әлем бойынша 50 үміткер таңдалып алынады, оның ішінде Қырғызстан, Ауғанстаннан, Македония, Болгария және т.б. елдерден құжат тапсырғандар бар. Үміткерлердің ішінен ең жоғары нәтиже көрсеткендер ғана таңдалып алынады. Жалпы бұл академияда оқуға ниет білдіргендередің қатары тек біздің елімізде ғана емес, басқа елдерде де өте жоғары.

Кездесу соңында Наиб мүфти Алау Әділбаев Түркия Дін істері басқармасынан келген комиссия мүшелерінің жұмыстарына табыс тілеп, Бас мүфти Серікбай қажы хазіреттің атынан қонақтарға кішігірім сый-сыяпат табыс етті.

muftyat.kzhttp://muftyat.kz/kz/news/14426

Пікірлер Кіру