МЕРКІ АУДАНЫНДА МЕШІТ АШЫЛДЫ

21 қараша 2023 1826 0
Оқу режимі

Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Интернационал ауылының тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенеліп, «Достық» мешітінің ашылу рәсімі өтті. 

Салтанатты жиынға облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, ауыл әкімі Жорабек Нұрмергенұлы, Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Алдымен облыс бас имамы Құран аяттарын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Бұдан кейін Бейбіт Әліпбекұлы Интернационал ауылының тұрғындарын мешіт ашылуымен құттықтап, жиналған жамағатқа жақсылық тіледі. Сондай-ақ мешітке арнайы сыйлығын табыстап, құрылыстың басы-қасында жүрген ағаларымызға алғысын білдірді. Сосын мешітке жаңадан тағайындалған имамды таныстырып, қызметіне абырой-бедел тіледі.

Ашылу салтанатынан кейін жиналған қауымға арналған қазақ үйлер тігіліп, дастарқан жайылып, ас берілді. Дастарқан басында Құран оқылып, бас имам Бейбіт Әліпбекұлы мешіт салудың, оған қарайласып жүрудің сауабы жөнінде уағыз айтты. Соңынан ел ақсақалдары сөз сөйлеп, мешіт ашылуымен құттықтады. 

Дастарқаннан дәм татқан соң артынша алғашқы азан шақырылып, бесін намазы жамағатпен оқылып, елдің, жердің амандығы үшін дұға жасалды. Интернационал ауылында ашылған бұл мешітте бір мезетте 100-150 адамдай құлшылығын өтей алады. Осындай игі іске қол ұшын созып жатқан жомарт жандарға ізгі ниетімізбен алғысымызды білдіреміз. 

​Дереккөз: asyldin.kz

Пікірлер Кіру