КӨКТАЛ МЕШІТІНДЕ «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» АТТЫ ШАРА ӨТТІ (ФОТО)

08 ақпан 2024 1783 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылықтары жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Астана қаласындағы Көктал мешітінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында жамағатқа арнайы шара ұйымдастырылды.

Айтулы жиын аясында Астана қаласы Көкпар федерациясының президенті Ералы Әнуарұлы, Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Серік Сейтман, Көктал мешітінің бас имамы Сәбит Ережепов арнайы баяндама жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар жөнінде тұшымды насихат айтты.

Көкпар федерациясының президенті Ералы Әнуарұлы қатысушыларға ат әбзелдері мен жабдықтары жайлы, атқа мінудің пайдалары турасында толыққанды мағлұмат беріп, арнайы әкелген экспонаттарды таныстырды. Алаш арыстары жөнінде көлемді зерттеулер жүргізіп жүрген Серік Сейтман жамағатқа «Алаш идеясы және ұлттық дәстүр» тақырыбында баяндама жасап, қызықты деректермен бөлісті.

Мешіт бас имамы Сәбит Ережепов өз кезегінде дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы сөз қозғап, отансүйгіштік сезімді ояту мен оқу-білімге құштарлық мәселелерін айтып өтті.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру