«ХАЛАЛ ДАМУ» МАМАНДАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

25 қаңтар 2024 1932 0
Оқу режимі

ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен республика бойынша халал бағытына жауапты бақылаушы өкілдер мен технолог мамандарға арналған семинар және практикалық іс-тәжірибе ұйымдастырылды.

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының жетекшілігімен өткен семинарға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, Ұлттық аккредиттеу орталығының департамент директоры Алмат Орынғалиұлы, Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Қарлығаш Түйтеқызы қатысты.

«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл сайынғы бағдарлық баяндамасында халал бағыты бойынша бірқатар ауқымды жобалар мен маңызды шараларды бекітіп, толыққанды орындалуын тапсырып келеді. Сондықтан да, халал саласындағы ортақ мақсат пен мүдделерді бірлесе жүзеге асыруда бүгінгі жинымыздың маңызы зор деп есептеймін», – деген Ершат Ағыбайұлы кәсіпкерлер мен тұтынушыларға халал сертификаттың мұсылман қауымының сенімі мен халықтың аманатын арқалайтын құжат екендігін айтты.

Сонымен қатар, семинарда аккредиттеу және оның тиімділігі, қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық талаптар жөнінде кеңінен түсіндірілді. Және де, қатысушылар халал стандарттау жүйесі мен тәртібі, азық-түлік қауіпсіздігі, ет және сүт өнімдеріне қойылатын ветеринарлық талаптар, халал дәрілік заттар мен профилактикалық өнімдерді сақтауға, тасымалдауға, сатуға қойылатын жалпы талаптар жөнінде дәріс тыңдады.

Айта кетейік, екі күнге созылатын семинар теориялық және практикалық бөлімнен тұрады. Облыстық өкілдер алған білімдерін бірден іс-тәжірибеге қолданып, түрлі бағытта кәсіпорын өндірісмен танысады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру