Ирактан оралған сәбилердің жағдайы түзеліп келеді

10 желтоқсан 2019 5711 0
Оқу режимі

Нұр-Сұлтан қаласының қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының директоры Бибігүл Такисова Ирактан жеткізілген балаларды бейімдеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.

«Балалар бастапқыда бұл жерге келген кезде жылауық, қорқақ болатын. Қазір балалар біршама бейімделіп қалды, көңілдері көтерілді. Олармен психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, тәрбиешілер жұмыс істеп жатыр. Балалардың жағдайы жақсы, тұйық, бұйығы болудан арылды. Алғашында кішкентайлары ересектеріне жабысып алатын. Ал қазір тәрбиешілерді құшақтайды, сүйеді, еркін араласа алады», — деді ол. 

Орталық басшысы балалар күндіз ойынға алданғанымен түнде ұйықтар алдында аналарын іздейтіндігін айтады. «Күндіз ойынның қызығына берілетіндіктен аналарын іздей қоймайды. Ал түнде аналарын еске алады. Біз оларды жұбатып, аналарының жақын арада келетіндігін айтып алдаусыратамыз», — деді Б.Такисова. 

Орталықтағы психолог маман Айбек Қылышбек те балалардың алғаш келген кезде тұйық болғандығын айтты. 

«Ең алғаш келгенде балалар бір-бірімен ажырамайтын. Бөлектей бастасаң жылайтын. Ал қазір бір-бірінен ажыратсаң да өздерін жайлы сезінеді. Бастапқы кезде балалар сурет салғанда күңгірт түстерді қолданса, қазір түрлі-түске әуестеніп келеді. Бір байқағаным, балалар шатыры жоқ үйлер салатын. Ал бұл Иракқа тән дүние. Қазір «Бәйтеректі» және басқа да түрлі-түсті суреттер салады», — деді ол.

kazislam.kz  
 

Пікірлер Кіру