Елорда имамдары Қабанбай батыр кесенесіне зиярат жасады (ФОТО)

13 желтоқсан 2021 4744 0
Оқу режимі

Кешегі өткен демалыс күні Елорда имамдары әйгілі Қабанбай батыр кесенесін зиярат етіп, баба рухына Құран бағыштап қайтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» жобасы аясында жүзеге асқан зиярат сапарына Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған бір топ дін қызметкерлері белсене атсалысып, жексенбі күнін сауапқа толы өткізді.

Айта кетейік, XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ халқының айтулы батырларының бірі, атақты қолбасшы Қабанбай батыр мазары Ақмола облысындағы Қызылжар елдімекенінде орналасқан. Кесене батырдың дулығасына ұқсатылып салынған.

Зиярат барысында Елорда имамдары батыр бабамыздың мәңгілікке дамыл тапқан мекенімен танысып, рухына Құран бағыштаумен қатар, кесене шырақшысы мен келушілерге «Зират және зиярат мәдениеті» жайлы ақпарат айтып, ҚМДБ «Дархан дала» жобасының маңыздылығын жеткізді.

2020 жылы өткен IV Имамдар форумында «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қабылданған болатын. Аталмыш құжатта зират көтерудің үкімдері, зират көтеру мәдениеті, теңдік ұстанымы, құлпытас қою мәдениеті, зират құрылыстары мен кесене салу түрлері, зиярат жасау әдебі, марқұмдарға сәлем беру, Құран оқу, зиратта көңіл бөлінетін жайттар, кесенелерді зиярат жасау, әйелдердің зиярат жасауы сынды бірқатар мәселелер қозғалған. Бірегей құжат бұған дейін Елорда мешіттерінің жамағатына арнайы таныстырылып, бүктеме күйінде таратылған да болатын.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру