БҮГІН ЕЛОРДА МЕШІТТЕРІНДЕ ЖАМАҒАТҚА «ПӘТУА САҒАТЫ» ӨТТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттерде әр жұма сайын жамағатқа арналған «Пәтуа сағаты» тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл игі іс-шара мешітке келушілердің діни сауатын арттырып, шариғат мәселелерін тереңірек түсінуіне мүмкіндік беруді көздейді.
«Пәтуа сағаты» барысында мешіт имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі мен Ғұламалар кеңесінде бекітілген діни үкімдер мен қаулыларды жамағатқа түсіндіріп, олардың күнделікті өмірде қолданылу жолдарын баяндап береді. Сонымен қатар, қоғамда туындайтын түрлі діни сұрақтарға жауап беріп, дұрыс шешім қабылдауға бағыт-бағдар ұсынады.
Бұл басқосуларда мұсылмандардың күнделікті өміріне қатысты – құлшылық, отбасы, қарым-қатынас, сауда сияқты маңызды мәселелер талқыланады. Шариғат қағидаларына негізделген бұл сұхбаттар жамағаттың діни білімін тереңдетіп, ислам құндылықтарын саналы түрде ұстануға жетелейді.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі