ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары Халықаралық конференцияға қатысты (ФОТО)

08 қараша 2018 7338 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дін және қоғам қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлының 135 жылдығына арналған «Файзолла Сатыбалдыұлы және рухани даму мұраты» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Шығармашылық жағынан – халық ақыны, діни ұстанымы жағынан – Әбу Ханифа жолын дәйекті насихаттаушы Ф.Сатыбалдыұлы мұрасына байланысты өткен халықаралық басқосуға отандық ғалымдар және шетелдік саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеуші мамандар қатысып, сүбелі баяндамалар жасалды.

Конференция жұмысына ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының және республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысып, қазақ даласындағы аласапыран кезеңдерде халық игілігі жолында жанқиярлықпен еңбек жасаған діндар тұлға жайында тағылымды баяндама жасады. Есімдері елімізге белгілі Қойшығара Салғара, Болат Көмеков, Абай Тасболатов, Марат Әбсеметов сынды тарихшы ғалымдар, Сейіт Қасқабасов, Қайырбек Кемеңгер, Серікзат Дүйсенғазин, Кеңшілік Тышхан сынды әдебиетші, дінтанушы ғалымдар бас қосқан Халықаралық конференция жұмысына Түркия елінің іргелі оқу орындарының профессорлары Мустафа Арслан, Синан Өзбек, Украина елінен Петро Токарь сынды қайраткерлер келіп қатысты. 

Конференция жұмысы аясында қайраткер шығармашылығына арналған «Көкірегім – алтын көмбе» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізіліп, тың туынды оқырмандарға таныстырылды.

Троицкіде және Бұхара шаһарларында діни білім алып, 1901 жылдан бастап Торғай қаласындағы уездік мешіт, медреселерде Науан хазірет, дамолла Байту, Бейіс хазірет, Оспан қожа сында қайраткерлермен бірге қызмет жасаған Файзолла Сатыбалдыұлы – қазақ әдебиетінің дамуына да зор үлес сіңірген ірі тұлға. Артына мол поэтикалық мұра қалдырған ол  араб, орыс әдебиеті үлгілерінен тәржімелер жасап, халық руханиятына қажетті көптеген шығармалар қалдырған. Сонымен бірге, оның Әбдіғаппар хан, Кейкі мен Амангелді батырлар жайлы дастандары сол замандағы тарихи деректерге толы екенімен ерекшеленіп отыр. Діндар мұрасына қазіргі таңда Түркия дінтанушы-ғалымдары қатты қызығушылық танытып келеді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру