БӘЙГЕ: Діни мақалалар байқауы жарияланды

18 қаңтар 2020 5422 0
Оқу режимі

ҚМДБ-ның Семей қалалық «Қос мұнаралы» орталық мешіті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылдың 20 қаңтары мен 1 мамыры аралығында Абай шығармаларын теологиялық сараптамалық талдау бағытындағы мақалаларға республикалық байқау жариялайды.

Байқаудың мақсаты:

– Абай хакімнің Ислам әлеміндегі көрнекті ойшылдар қатарында тұрғанын, иләһи ілім бойынша қалдырған мұралары барша адамзатқа ортақ тұлға екенін көрсету;

– Мешіт қызметкерлері мен дінтанушыларды дін мен дәстүр сабақтастығы аясында тың ізденістерге шақырып, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізуге ынталандыру.

– Ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Бабалар дүниетанымына, ұстанымына сай, қазақы сипаттағы ислами мектеп бағытын қалыптастыру, дамыту.

– Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша материалдар жазып жүрген дін қызметкерлерін қолдау.

Байқау шарттары:

*Материалдар компъютерде, қаріп түрі «Times New Roman», 12 шрифтімен теріліп, 1,5 интервалда, А4 форматымен 3-5 бет шамасында болуы тиіс.

*ҚМДБ бойынша тіркелген мешіт-медресе қызметкерлері, исламтанушылар мен дінтанушылар ғана қатыса алады. Байқау мемлекеттік тілде өтеді.

Қойылатын басты талап:

Тақырып аясы шектеулі. Ұсынылатын материалдарда Абайдың белгілі бір діни өлеңі немесе бір қара сөзі басты нысана ретінде алынып, шариғи тұрғыда талдануы тиіс. Яғни, Ислам әлемінің көрнекті ойшыл-ғұламаларының пікірлерімен салыстыра отырып түсіндірілуі қажет. Осы арқылы Абай руханиятының ішкі мәні кеңінен көрсетілуі керек. Бұл ретте әлемдік деңгейдегі ислами классикалық кітаптар авторлары (Мысалы, хазіреті Иассауи, ибн Құдама, имам Ғазали т.с.с.) тұжырымдарынан мәтіндер келтіріп,  ұштастыру міндетті.

Мақалада автордың жеке ой-пікірі емес, ғұламалардың рухани үндестігі көрсетілуі тиіс.

Байқауға қатысушылар Ұйымдастыру алқасының meshetsemey_makala@mail.ru  электронды поштасына (байланыс тел.: + 7 707 906 79 80) қосымша мынадай материалдар жіберуі тиіс:

1) Автор туралы мағлұмат /туған жері, күні, айы, жылы, қызмет орны;
2) Электронды адресі, байланыс телефоны;

Автор 1 немесе 2 материал ұсына алады;

Байқау кезеңдері:

  1. Байқауға қатысушылардан материалдарды қабылдау (20 қаңтардан 1 мамырға дейін);
  2. Материалдарды сараптау және жеңімпаздарды анықтау (1 мамыр – 1 маусым аралығы);
  3. Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау алдын ала хабарланатын болады.

Жеңімпаздарды 5 немесе 7 адамнан тұратын қазылар алқасы, абайтанушылар, дінтанушы ғалымдар сараптай отырып таңдайды.

Іріктеу кезеңінде мақаладағы стилистикалық сауаттылық, интеллектуалдық деңгей, байқау талабынан ауытқымау, эмоциялық әсер ескеріледі.

Жүлде қоры:

Бас жүлдеге үш орын беріледі. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар есебінен Семей жеріне келіп, «Абай әлеміне саяхат» жобасы аясында бір апта бойы облыстың (Бөрлі, Жидебай, Еңілік – Кебек…т.б.) тарихи-мәдени нысандарын аралап, Алакөл жағалауындағы туристік орында тынығуға жолдама алады.

Құрметті әріптестер, шығармашылық байқауға ақпараттық қолдау көрсетіп, осы тақырыпқа қызығушылық танытатын қаламгерлерге таратуларыңызды сұраймыз.

Дереккөз: Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру