БАС МҮФТИ «ҚЫЛУЕТ» РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ (ФОТО)

30 қаңтар 2024 1391 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Бас мүфти ең алдымен Түркістан қаласындағы «Қылует» рухани орталығының құрылыс барысымен танысты.

Мұнда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мешіт әрі рухани орталықтың қазіргі тынысын таныстырды. Құрылысы 2021 жылы басталған орталық биыл ашылады деп жоспарлануда. Бейсенбай Дәулетұлының сөзінше, мешіт жанынан 400 имамның білімін жетілдіруіне арналған оқу орталығы ашылады. Сондай-ақ рухани орталықтың тарихын баяндайтын музей де жоспарда тұр.

Ерекше дизайнмен салынып жатқан орталық жұмысымен танысқан Бас мүфти ең алдымен мешіттің тарихи мәнін қайтарып, соны айшықтауымыз керек деді. Айта кетейік, мешітте бір мезетте 500 адам құлшылық жасай алады. Тарихи нысанның құрылысымен танысқан соң арнайы құрбандық шалынып, дұға жасалды.

Қылует мешітінің тарихына келсек, нысан XIX ғасырдың екінші жартысында (1864-1865 жж.) салынған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт салынған. Оның алғашқы атауы «Хан» мешіті болған. 1980 жылдары намаз оқитын жамағаттың көбеюіне байланысты 1000 адамдық  көлемі 28×18 мешіт бой көтереді. Бұл мешіт Түркістан облыс орталығы болғанға дейін жамағатқа қызмет етті.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру