БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

18 қазан 2023 1822 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында «Үшінші мыңжылдықтағы пәтуа беру және сын-қатерлер» тақырыбында басталған халықаралық конференцияда баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы әлем халқын бірлікке шақыруда қазақ елінің ерекше рөл атқарып келе жатқанын баса айтты.

«Расында мемлекет пен мемлекетті, адам мен адамды бөлетін шекара шетіндегі таулар яки өзендер емес. Адамдарды бір-бірінен бөлетін нәрсе – олардың арасындағы бір-біріне деген құрметсіздік. Ал Алла Тағала Құранда: «Жақсылық жасауда, тақуалыққа жетуде бір-біріңе жәрдемдесіңдер!» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп әмір еткен.

Ислам діні – барлық адамзатты ізгілікке, жақсылыққа шақыратын дін. Бірлік пен берекеге шақыру қазақ халқының қанында бар қасиет. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз адамның кемелдікке жетуі үшін төрт шартты атап өткен. Олар: «Кеңістік, уақыт, бауырмалдық, өзара ынтымақтастық». Міне, осы құндылықтар болған кезде қоғам да, адам да бақытты болады.

Осы тұрғыдан келгенде, адамзатты бірлікке шақыруда еліміз ерекше рөл атқарып келеді. Яғни Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезі діни достық пен өзара түсінікті дамытудың таптырмас алаңы болғаны анық. Мұндай халықаралық деңгейде өткен жиынның елімізде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің қолдауымен өтіп жатқан конференцияға әлемнің бірнеше елінен келген мүфтилер мен дін ғалымдары, жалпы саны 200-ге жуық делегат қатысуда.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру