БАС МҮФТИ ИОРДАНИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

05 желтоқсан 2023 1719 0
Оқу режимі

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Иордания Хашимит Корольдігінің еліміздегі Төтенше және Өкілетті елшісі Хамза Махмұд Юсеф Әл-Омари мырзаны өз өтініші бойынша қабылдады.

Басқосуда екі елдің рухани-мәдени саладағы әріптестік байланысы сөз болды. Дипломат Иордания Хашимит Корольдігінде 130-дан астам қазақстандық студенттер оқып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар оларға мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық көрсетіліп келе жатқанын да тілге тиек етті.

Кездесу кезінде Бас мүфти елшіге ортақ мақсат жолында жүзеге асып келе жатқан іс-шараларға қажетті қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әрқашан әріптестік байланысты арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Басқосу соңында тараптар оқу-ағарту, білім-ғылым, ортақ тәжірибе алмасу бағытында ортақ жобаларды жүзеге асыруға келісті. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі 

Пікірлер Кіру