Бас мүфти Алматыдағы ұжыммен бірқатар мәселені талқылады (ФОТО)

27 ақпан 2020 4028 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған ресми сапарын ұжыммен кездесуден бастады.

Кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев бастаған бөлім меңгерушілері мен Алматы қаласындағы дін қызметкерлері қатысты.

Алматылық әріптестерге насихат айтқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қадірлі бауырларым! Алла Тағала «Әли-Имран» сүресінің 110-аятында: «Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер!», – дейді. Елді жақсылыққа шақыратын бірден-бір исламдық бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Дінге қызмет – Пайғамбар (с.ғ.с.) жолы. Бұл – ұлы миссия. Аллаға шүкір, кешегі бабалар аңсаған арман бүгін орындалды. Алла Тағала дербес ел болуымызды нәсіп етті. Алаш қайраткерлерінің «қазақта мүфтилік өз алдына болу» мұраты да араға жетпіс жылдай уақыт салып барып, 1990 жылы іске асты. Міне, биыл Діни басқармаға 30 жыл толды. Ендігі мақсат, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиет еткендей, осы жұмысымызды жақсы көріп, дінге, елге қызмет етуде тиянақтылық таныту. Әр ісімізді кәсіби түрде орындауға кірісейік! Ортақ мақсат ісінде жұмыла жұмыс істейік!», – деп атап өтті.

Басқосуда хаттамалық тапсырмаларды өз мерзімінде орындау, қайырымдылық шараларды жүзеге асыру, өнімді жұмыс нәтижесін көрсету, т.б. мәселелер талқыланды.

Кездесу соңында ҚМДБ қызметкерлері Бас мүфтимен жаңа жобалар мен күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселе төңірегінде пікір алысты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру