Бас мешіттің бала шәкірттеріне сертификат табысталды (ФОТО)

18 маусым 2018 8371 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы сауат ашу курсының шәкірттері оқу бағдарламасын аяқтап, арнайы сертификат табыстау рәсімі болып өтті. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жылы бұл концерттік шараға астасып, бүлдіршіндерге мереке ұйымдастырылды.

Мешіт мейрамханасында өткізілген шара аясында бүлдіршіндерге дастархан жайылып, жеміс-жидек пен тәтті тағамдар берілді. Ал, ата-аналар үшін арнайы көрермен залы жасалып, перзенттерінің қызығын тамашалауға жайлы жағдай ұсынылды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы сауат ашу курсында білім жетілдірген бала шәкірттің Құран аятын тиләуат етуімен ашылған шара аясында өзге де шәкірттер өз өнерлерін көрсетіп, ата-аналар қауымына күмбірлетіп күй шертіп, саңқылдатып жыр оқып берді. Бұдан бөлек, әр топ шәкірттері өздері дайындаған өнерлерін паш етіп, «Имани жаз» лагерінде үйренгендерін көпшілікпен бөлісті.

Айта кетейік, биылғы жылы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы сауат ашу курсын 350-ден астам бала шәкірттер тәмамдап отыр. Шәкірттердің барлығына мешіт сертификаты табысталып, бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы атынан арнайы сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, әр топ арасынан үздік оқушы таңдалып, қосымша сыйлықпен марапатталып отыр.

Биылғы жылы бала шәкірттер арасында тұңғыш рет «Менің сүйікті мешітім» атты сурет сайысы ұйымдастырылған болатын. Бала суретшілердің қиялы мен қаламынан туындаған суреттер қорытындысы да бүгінгі кеште жария етіліп, жеңімпаз шәкірттерге бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, сурет сайысына қатысқан 17 шәкірт те ынталандыру сыйлығына ие болып, көңілдері көтеріңкі қайтты.

Пікірлер Кіру