Бас мешіттегі қайырымдылық жәрмеңкесі жалғасу үстінде (ФОТО)

18 қазан 2019 6298 0
Оқу режимі

Әр жұма сайын жамағатты дәмі тіл үйірген тәтті тағамдарымен қарсы алатын «Қайырымдылық жәрмеңке» саудасы бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тағы қыз-қыз қайнады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатынан құралған «Инабат» қыз-келіншектер клубының ұйытқы болуымен жамағатқа түрлі тағам түрлері мен тәтті бәліштер, ұлттық сусын түрлері ұсынылып, қасиетті жұма күнінде сауапты сауда жасауға жол ашты.

Айта кетейік, «Мейірімділік мекені» жобасы аясында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкеден жиналған қаражат соңғы тиынына дейін «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатының дәнекер болуымен түрлі қайырымдылық шараларына жұмсалып келеді. Бас мешіттің әйел жамағаты бұған дейін бірнеше мәрте жәрмеңкеден түскен қаржыға «Ана мен бала» орталығындағы, қаламыздағы онкология ауруханасындағы науқастарға, Қарттар үйі мен жетімдер үйіне сыйлық жасап, зиярат етіп қайтқан болатын.

Жамағаттың рахметін алып, науқас жандардың сауығуына көмектесуге мүмкіндік сыйлаған қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысушылардың қатары да соңғы кездері көбейе түскендей. Соңғы кездері әйел жамағаты әзірлеген тағамдармен қатар жәрмеңке сөрелерінде пайда болған түрлі діни бұйымдар мен киім түрлері, қолөнер туындылары мен рухани-діни кітаптар да осыны айғақтай түсетіндей.

Игі шараға атсалысамын дейтін  Елорда тұрғындары әр бейсенбі күні "Әзірет Сұлтан" мешітіне келіп, өздері әзірлеген өнімдерін өткізсе болады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру