Бас мешітте Отбасы күніне орай мерекелік кеш өтті (ФОТО+ВИДЕО)

09 қыркүйек 2019 6273 0
Оқу режимі

Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2013 жылдан бастап Отбасы күні болып бекітілген қыркүйек айының екінші жексенбісінде еліміздің түкпір-түкпірнде отбасылық құндылықтар дәріптеліп, түрлі мәдени-рухани шаралар көптеп ұйымдастырылады. ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі де бірнеше жылдан бері Отбасы күніне айрықша маңыз беріп, «Мерейлі Отбасы» мерекелік шарасын үзбей өткізіп келеді.

Дегенмен, биылғы жылы бұл шара бұрынғысынан да ерекше сипат алып, қатысушылар үшін қызықты естеліктерімен сақталып қалды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, академик ғалым Дихан Қамзабекұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин секілді ел ағаларының ғибратқа толы насихаттары жаңадан шаңырақ көтерген жастар үшін нағыз рухани азық болды. Бұдан бөлек, жанұялық мәселелер шешімі жинақталған арнайы бүктемелер мен рухани кітаптар да келушілер үшін қажетті дүние болды.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» рухани кездесу кеші бұл жол «Әзірет Сұлтан» мешітінде соңғы бір жыл ішінде неке қидырған жұптар ғана арнайы шақырылған болатын. Үлкен өмірге алғашқы қадамдарын енді ғана аттаған жас жанұялардың бірлігін бекемдеп, бақытқа жету жолын нұсқайтын арнайы уағыз-насихат айтылып, тәрбиелік дүниелер көрсетуден бөлек, шара аясында жұптар арасында ұтыс ойыны жүргізіліп, түрлі бағалы сыйлықтар үлестірілді.

Отбасы құндылықтары дәріптелген мерекелік шара аясында, бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүріміз де көрініс тауып, көпшіліктің алғысына бөленді. Атап айтқанда, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағат алдында жас нәрестенің құлағына азан шақырып, есімін қойды. Сондай-ақ, Елорда тұрғындары Қазбек пен Жұмагүл есімді жұптың некесін қиып, жүздеген жанның ақ батасымен үлкен өмірге шығарып салды. Мереке күніне орай ырымдап, академик ғалым Дихан Қамзабекұлына бүлдіршіннің тұсауын кестіріп, мешіттің ең егде жамағаты – Бәтіш апамыз батасын берді.

Ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталып, отбасылық құндылықтар паш етілген шара соңында қатысушылар арасында ұтыс ойынын жүргізіліп, жүлделі сыйлықтар таратылды. Жас отауға қажетті техникалық құралдар бастап, ас үй жабдықтарына дейін үлестірілген бәйгенің бас жүлдесі – «Мойылды» шипажайына жолдама болды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру