БАС МЕШІТТЕ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БАЛАЛАРҒА 1500 СӨМКЕ ТАРАТЫЛДЫ

22 тамыз 2024 1183 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен республикалық Бас мешітте «БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ КЕЛЕШЕГІ» қайырымдылық жобасы өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, білім іздеген жас жеткіншектерімізге мешіт тарапынан қамқорлық-қолдау көрсетіліп келеді. Ізгі үрдіс бүгін елордадағы республикалық Бас мешітте жалғасын тапты.

Қасиетті Құран аяттары оқылып, батасы жасалған соң мінберге шыққан Бас мүфти игі іс-шараның мәніне тоқталып, балғындарды мерекемен құттықтап, қажетті құрал-жабдық толығымен салынған мектеп сөмкесін табыстады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел игілігіне арналған түрлі жобаларды әрқашан қолдап келеді. Мақсатымыз әрқашан жақсылықтың жайылуына себеп болу, жақсы іске ортақтасу. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен жыл сайын осы уақытта дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға мектеп формасы, керекті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер табысталып келеді.

Былтыр «Мектепке жол» акциясы аясында оқушы балаларға 21 000 сөмке табысталса, биыл осы уақытқа дейін 18 000 сөмке берілді және жоспар бойынша оқуға қажетті жабдықпен толтырылған сөмкелер алдағы уақытта да беріледі.
Айта кетейік, «Мектепке жол» дәстүрлі қайырымдылық акциясы биыл 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін көмек көрсету.

Біздің бір баланы демеп, бір баланы мектепке дайындауымыз мүмкін болашақта бір ғалымды дайындағанымыз шығар. Жолын ашып, жағдайын жасасақ ол да риза болары хақ. Акциядан алыс болмай, барынша үлес қосайық. Үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіреміз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік демеуші азаматтардың жәрдемімен бүгін 1500 оқушыға мектеп жабдықтары мен сөмке үлестірілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру