Бас мешітте «Батаменен ел көгерер» жобасы басталды (ФОТО)

23 сәуір 2020 4982 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті Рамазан қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Батаменен ел көгерер» жобасы бастау алды. Мұсылман қауымы үшін қадірі ерекше мүбәрак ай бойы игі жоба жалғасын тауып, әр күні 15 минут сайын дұға жасалып, бата беріліп отыратын болмақ. Айта кетейік, жоба жоспары бойынша әр күні кезекші имам cағат 08.00 бен 20.00 аралығында әр 15 минут сайын «Әзірет Сұлтан» мешітінің инстаграм желісіндегі парақшада тікелей көрсетілімге шығып тұрады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Карантин жағдайындағы Рамазан» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында «Батаменен ел көгерер» жобасы жайлы айрықша атап өткен болатын. Мұсылман қаруы – дұға десек, қасиетті Рамазан айында жасалған әрбір ізгі амалдың Алладан қайтарымы болары сөзсіз. Сол үшін де осындай қысылтаяң шақта ғибадатқа көңіл бұрып, Алладан сұрап дұға жасаудың маңызы айрықша.

Бас мүфти бастамасымен жүзеге асқан игі жобаның алғашқы кезегін Нұр-Сұлтан қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов өзі өткізді. Қасиетті Рамазан айы барша мұсылман қауымы үшін сауапқа толуын сұрап, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тіледі.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру