«Әзірет Сұлтан» мешітінің имамы шетелге оқуға аттанды (ФОТО)

30 тамыз 2019 5872 0
Оқу режимі

Елорда халқының рухани ордасына айналған республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылғанына биыл жеті жылдың жүзі болған екен. Келбеті көз тойдырған құлшылық ордасы осы уақыт ішінде көптеген игі бастамаларға мұрындық болып, білім мен ғылымның бірегей ордасына айналып үлгерді. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған жамағат пен алыс-жақын шетелдерден астанамызға ат басын тіреген қонақтардың да алып құлшылық ордасына соқпай кететіні кемде-кем. Бүгінде жыл сайын 600-ден астам шәкірт тәрбиелеп, қаншама мұқтаж жанға көмек қолын созған қайырымдылық ордасының атақ-абыройының асқақтай түсуіне мешіт басшылығы мен ұжымының еңбегі ересен екені сөзсіз. Осы орайда мешіт имамдарының үнемі өз білімдерін толықтырып, қосымша курстар мен семинарларды құр жібермейтінін айта кеткен жөн.

Бүгін, осындай мақсатпен Түркия мемлекетіндегі Анкара университетінің докторантурасына құжат тапсырған «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлын шығарып салу рәсімі өтті. Жұма намазына жиылған жамағат алдында ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт ұжымы мен жамағаты атынан алғыс білдіріп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты. Бірнеше жыл бойы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имам қызметін жемісті атқарып келген Қуат Ерғалиұлының еңбегін ел алдында паш етіп, білім жолындағы сапарына сәттілік тіледі.

Білікті маманның білім жолына аттанған сапарына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі де сәт сапар тілеп, осы кезге дейін атқарған қызметін жоғары бағалап, арнайы «Алғыс хат» табыстады. Жұмаға жиылған жамағат алдында әкімдік «Алғыс хатын» Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасының бөлім бастығы Нұрдәулет Әлмұқан оқып беріп, құттықтау лебізін білдірді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру