«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ОТБАСЫЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ (ФОТО)

17 ақпан 2025 429 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі «Әзірет Сұлтан» мешітінде жаңа отбасылық кеңес беру орталығының салтанатты ашылуы өтті.

Аталған іс-шараға ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет, мешіт қызметкерлері мен әйел жамағаты қатысты.

Орталықтың ашылу рәсімінде арнайы лента қиылып, жиналған қауымға оның қызметі мен мақсаты туралы кеңінен ақпарат берілді. Бұл орталық отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ажырасу көрсеткішін төмендету, сондай-ақ түрлі тұрмыстық мәселелерге діни және психологиялық тұрғыдан кеңес беру бағытында жұмыс істейтін болады.

Кеңес беру орталығында білікті мамандар қызмет атқарып, ерлі-зайыптыларға, ата-аналарға және жастарға жан-жақты қолдау көрсетпек. Орталық алдағы уақытта кез келген азаматқа ашық болып, жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр.

Жиын барысында мешіт қызметкерлері мен жамағат өкілдері орталықтың маңыздылығын атап өтіп, оның жұмысына сәттілік тіледі. Қонақтар кеңес беру бөлмесінің ішкі интерьерімен танысып, оның заманауи әрі жайлы жағдайда жабдықталғанын ерекше атап өтті және жиын соңында еліміздегі әрбір отбасының тыныштығы мен берекесін тілеп дұға жасалды.

Айта кетейік, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы 2025 жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып бекітілген болатын. Бұл бастама аясында еліміздегі мешіттерде отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар мен бағдарламалар ұйымдастырылып, жанұялық мәселелер бойынша кеңес беру қызметін күшейту көзделіп отыр.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!   

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру