Атырауда әйелдер арасында Құран жарысы өтті (ФОТО)

03 ақпан 2020 6298 0
Оқу режимі

ҚМДБ Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Атырауда Құран оқу жарысы өтті. Шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Құран – адамзатты екі өмірдің бақытына жетелейтін ең соңғы иләһи кітап. Он төрт ғасырдан бері үтір-нүктесі де өзгермеген Алла Тағаланың уахиі. «Хижр» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде Біз зікірді (Құранды) түсірдік. Енді оны өзіміз сақтаймыз» дейді. Ал қазір біз бұл иләһи кітаптың Алла уәде еткендей, сан түрлі жолдармен сақталып отырғанын көзбен көріп келеміз. «Исра» сүресінде Алла Тағала: «Шын мәнінде бұл Құран ең тура жолға бастайды. Ізгі амалдарды жасаған мүміндерді үлкен сауаппен сүйіншілейді» деп, Құранның адам баласы үшін мәні мен маңызын айтып өтеді. Демек, Құран мұсылманды ең дұрыс, ең пайдалы, ең бақытты өмірге жетелейді. Құранмен өмір сүрген адамды Алла Тағала екі өмірде қор етпейді» деді шара барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Құран жарысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Құранның 30-парасы бойынша сынға түсті. Екінші кезеңде «Бақара» сүресінің алғашқы 10 бетінен кез келген аятты оқып, талдау талабы қойылды. Сайыс аясында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы көріністер қойылып, уағыз айтылды. Сонымен бірге, үлгілі шәкірттерге сыйлықтар табыс етілді.

Бірнеше сағатқа созылған конкурс аясында бірінші орынды Анаргүл Кенжешова жеңіп алды. Оған 80 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Екінші және үшінші орындарды Ақтілек Бекболат (40 мың теңге) пен Айару Амангелді (20 мың теңге) өзара бөлісті. Барлығы он үміткер бақ сынасқан білім бәйгесі тартысты, әрі мазмұнды өтті.

Айта кету керек, конкурс аясында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен қасиетті Құран кітабы сыйға тартылды.

Дереккөз: Атырау облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру