Алматы өңірінде жаңа көпір халық игілігіне берілді (ФОТО)

17 ақпан 2020 4401 0
Оқу режимі

Алматы облысы, Алматы өңірі, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында ҚМДБ-ның 30 жылдық мерей тойына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «30 ИГІ ШАРА» жобасы аясында жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір халық игілігіне берілді.

Айта кетерлігі, біраз жылдардан бері жиырма бес мыңға жуық тұрғыны бар Қарғалы ауылында Қарғалы өзенінен өту ауыл тұрғындары үшін қиынға соққан. Көптің тілегі орындалып, көпірдің пайдалануға беріліп отырғандығына ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдірді.

Салтанатты шараға арнайы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан келген ҚМДБ-ның «Уақып және қайырымдылық» бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, Алматы өңірінің бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы, ауыл имамдары мен ақсақалдары, әкімшілік қызметкерлері, мешіт жамағаттары қатысты. Қайырымдылық іс-шарада алғы сөз алған Камалжан Бекбосынұлы жиналған мұсылман қауымды қасиетті жұма күнімен құттықтап, мешіт, көпір және жол салу амалының сауабы мол болатындығын айтып, пайдалануға берілген жаңа көпірге үлесін қосқан жомарт азаматтарға, мешіт имамдарына алғысын жеткізді. Жиын соңында жаңа көпір лентасы қиылып, ауыл ақсақалдары ақ тілек батасы берді.

Дереккөз: ҚМДБ Алматы аймағы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру