ҚМДБ «Зекет» қорының қорытынды жиыны өтті (ФОТО)

21 қаңтар 2020 4830 0
Оқу режимі

ҚМДБ-ның «Зекет» қайырымдылық қоры өңірлердегі өкілдіктерімен жиналыс өткізді. Жиналыста ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат қажы Ағыбайұлы сөз бастап, «Зекет» қорының 2019 жылы атқарған жұмыстарына жоғары баға берді. Атап айтсақ, 2019 жылы «Зекет» корпоративтік қоры 73 мыңнан астам мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіп, «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында 173 баспаны кілтін табыстады.

2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, әрі қара шаңырақтың 30 жылдығын насихаттауға бағытталған арнайы қайырымдылық іс-шаралар «Зекет» қорының жылдық жоспарына енгізілді. Осыған орай, қор директоры Талғат қажы Сейткәрімұлы өкілдерге іс-шараларға байланысты нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, бес парыздың бірі, Алланың бұйрығы зекетті насихаттау – өте маңызды әрі жауапты іс. «Зекет» қоры өкілдері 2020 жылға насихат жоспарымен танысты. Атап айтсақ, зекетке қатысты уағыз-насихат жұмыстарын көбейту, бейнежазбалар түсіріп, әлеуметтік желілерде тарату, телеарналар мен радио каналдарына,  газет-журналдарға сұхбаттар беру және т.б. Сондай-ақ, қордың басты принциптерінің бірі ашықтық болғандықтан, барынша әлеуметтік желілер мен басқа да ресурстар арқылы қор жұмысын көрсету арқылы халықтың сенімділігін арттыру.

Бекітілген жоспарға сай өңірлерден жиналған «Зекет» қоры өкілдеріне 2020 жылы бастау алған жаңа жобалар аясында жұмыс істеу тапсырылды. Мысалы, «Болашаққа үміт сыйла» атты жобаның басты мақсаты мен бағдары – діни және басқа да орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында оқып жатқан мұқтаж жетім балаларға оқу ақысымен көмек көрсету, еліміздегі медреселерді қолдау.

Бұдан басқа өкілдердің ұсыныстары талқыланып, Бас кеңсе тарапынан тапсырмалар беріліп, хаттама бойынша есептері алынып отырады. Қайырымдылық бағытындағы «Ел үлесі пәтерге», «Жылулық сыйла», «Алтын құрсақты батыр анаға тосын сый», «Үміт сыйла сәбиге» сияқты ауқымды жобалар әрі қарай өз жалғасын табатын болады.

Дереккөз: «Зекет» қорының баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру