Құмар ойын мен бәстің үкімі

10 шілде 2018 18320 0
Оқу режимі

Сұрақ: ассалам алейкум. Қазіргі кезде букмекерлік мекендер көбейіп кетті. Бәстесу дінімізде мақұлданбаған екенін көрсететін аяттар мен хадистерден толығырақ мағлұмат берсеңиздер бола ма ? Рахмет

Ибрагим


Жауап

Жауап: алейкум салам. Букмекерлік ойындар, қандай да бір спорт түрінде жарысқа түскен екі немесе бірнеше тараптың бірінің жеңісін болжап, сол үшін бәс тігіп ұту немесе ұтылу – ғасырымыздағы кеңінен етек жайған құмардың түрі. Асыл дінімізде құмар ойындардың үкімі – харам. Себебі ол адамның дініне де дүниесіне де бірдей зарарын тигізеді.

Құмар ойынның харамдығының Құрандағы дәлелі:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ ۖ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَا أَكْبَرُ مِن نَّفْعِهِمَا

«(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен ішімдік және құмар жайында сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан көрі күнәсы зорырақ» – де»[1].

Бұл аят ішімдік пен құмардың харам екенін дөп басып айтпаса да, пайдасынан гөрі зиянының басым екенінен хабар беруде. Әуелгі сахабалар үшін осы аят ішкелі жатқан ішімдіктерін қайта түкіріп тастауларына жеткілікті болған. Егер олар құмар ойнағалы жатқанда, ойындарын да тоқтатары сөзсіз еді. Әрине мұндай ерлікке сахабалар мен сахаба рухты ерлер ғана барады. Және де бұл аят ішімдік пен құмарды тыюшы алғашқы қадам ғана. Себебі кейіннен түскен Маида сүресінде ішімдік пен құмарға үзілді-кесілді харам деген үкім тағылады.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاءَ فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلَاةِ ۖ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ

 «Әй мүміндер! Расында ішімдік, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар – ластық, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан, ішімдік, құмар арқылы араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»[2].

Бұл аятта құмар ойыны түбегейлі харам етілген. Оның дәлелі:

  1. Құмар ойыны ішімдік, тігілгін тастар және бал ашатын оқтармен пара-пар қойылған. Ал кейінгі аталғандардың харам екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, харам нәрсемен пара-пар болғанның өзі де харам.
  2. Құмарды «ластық» деп атауы. Мұндағы ластық мағынасында келген «рижс» сөзі – әрі зарарлы, әрі күнәлі нәрсеге қолданылады. Мысалға Хаж сүресінде «فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ» (Ал енді рижс (нәжіс) пұттардан сақтаныңдар) делінген. Бұл дағы осы мағынаны қуаттай түседі.
  3. Құмарды шайтанның ісінен екенін баяндауы. Әр мұсылман адам шайтанның ісі – адамды азғыру мен тозаққа түсіру екенін біледі. Ендеше оның істері өз затында харам. Мұсылман адам ондайға жуымайды.
  4. Құмарға жуымауға бұйыруы. Алла Тағала жоғарыда айтылған төрт нәрсеге, яғни ішімдік, құмар, тізілген тастар және бал ашатын оқтардың ешбіріне жуымауды бұйырды. «Жуыма», «жақындама» деген бұйрық «жасама» деген бұйрықтан да кеңірек мағынаға ие. Себебі «жасама» деп іс барысында айтылады. Ал «жуыма» деу істемек түгілі ол іске жақындауға да тиым салады.
  5. Құмарды тастау – құтылуға жетелейді, жеңіске жеткізеді. Яғни, құмар сынды жағымсыз әдеттен арылған адам мақсатына жетеді. Мұсылманның мақсаты – дүниеде де, ақыретте де бірдей жеңіске жетіп, екі дүниенің бақытына кенелу. Егер не нәрсе бұл мақсаттың алдын орайтын болса, мұсылман адам оны сөзсіз тастауы керек.
  6. Құмар адамдардың арасында дұшпандық туғызады. Шайтан малғұн құмарды ортаға салып, жақын достар мен бір ата-анадан туылған ағайындардың арасын суыту үшін бар айласын қолданып қалуға тырысады. Шайтан адам балысының жауы. Ендеше онымен үндес болуға мүлдем болмайды.
  7. Құмар адамдарды бір-біріне кектендіреді. Құмардан жеңіліске ұшырап, уақытында өзін тоқтатпай, соңында малынан түгелдей айрылған адам жеңгенге де, ұйымдастырған адамға да көзқарасы өзгеріп, әр нәрсеге ашушаң болып, стресске түсіп, психикасы күйзеліп, әркімге кектеніп жүретіні белгілі.
  8. Құмар – Алланы еске алуға тосқауыл болады. Ойынның қызығына кіріп, эмоцияның етегінде кеткен адамдардың өзінің мұсылмандық болмысынан ажырап не сөзіне, не ісіне есеп бермейтін күйге түскеніне де аз куә болмадық.
  9. Құмарға кіріп кеткен адам үшін намаздың маңызы екінші сатыға түсіп қалады. Намаз – өз уақытында оқылуы керек парыз амал. Алайда бүгінгі таңда екі сағаттық футбол үшін намазын құрбан еткен адамдардың саны қанша?!
  10. Алла Тағала құмардың осыншама зарарын айта келе: «Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» деді. Сахабалар бұл істерді аяттың түсісімен-ақ доғарған. Сөйтіп олар адамзат тарихында пайғамбарлардан (а.с) кейінгі ең құрметті орынға бөленді. Ал енді кезек бізге келгенде, қашанғы Алланың әміріне атүсті қарап жүре бермекпіз?! Тыйылатын уақытымыз әлі келмеді ме? Алланың сөзіне құлақ асар уақыт тумады ма?!

Міне, осылай Алла Тағала бір аяттың бойында құмардың харам екенін он түрлі тәсілмен көрсетіп берді. Нәпсісін ақылына ұстатқан, жүрегі Алла деп соққан әр мұсылман үшін құмар ойынның қаншалықты күнә екені осы аяттан анық болса керек.

Тағы бір аятта Алла Тағала:

وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ

«Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер»[3], – деп бұйырған. Құмар ойын – харам. Харам болса – бұзық жол. Ендеше бір-біріңнің малдарыңа құмар ойнап қол сұғушы болмаңдар!

 

Құмар ойынның харамдығының хадистегі дәлелі:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

من لعب بالنردشير فكأنما صبغ يده في لحم خنزير ودمه

«Нарды ойнаған адам қолын доңыз еті мен қанына батырғанмен тең»[4], – дейді. Тағы бір хадисте:

من لعب بالنرد فقد عصى الله ورسوله

«Нарды ойнаған адам Алла Тағалаға және Елшісіне қарсы келді»[5], – деген.

Жоғарыдағы екі хадисте ойнауға болмайтын ойынның нақты нарды екені айтылғанымен, ғалымдар бұл хадисті нарды іспеттес барлық құмар ойындарға бірдей қатысты деп қарастырған.

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр

Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Бақара 219

[2] Маида 90-91

[3] Бақара 188

[4] Муслим

[5] Мустадрак

Пікірлер Кіру