Екі рет үйленген кісі пейішке барса, қайсысымен бірге болады?

10 маусым 2019 9676 0
Оқу режимі

Әссәләмуғалейкум! Менің қояр сұрағым: ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болып, тағы отау құрса, жәннатта қай әйелімен немесе күйеуімен бірге болады? Рахмет. Мөлдір


Жауап

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздың жұбайы Үмму Сәләмә бір күні Пайғамбардан (с.ғ.с.):

– Уа, Алла Елшісі! Кейбір әйелдер осы дүниеде екі рет, үш рет, тіпті төрт рет тұрмысқа шығып жатады. Олар өлгеннен кейін онымен бірге бәрі жәннатқа кірсе, олардың қайсысы оның жұбайы болмақ? деп сұрайды.

– Үмму Сәләмә, оған таңдау еркіндігі беріледі. Ол арасындағы ең әдептісін таңдайды да Жаратушы Иеге: «Уа, Раббым! Мына кісі өткен дүниеде күйеулерімнің ішінде ең әдептісі еді. Мені соған қоса гөр!», – деп тілейді.  Уа, Үмму Сәләмә! Көркем мінезді адам екі дүние жақсылығын алмақ[1].

Осы хадиске орай, күйеуі қайтыс болып, екінші ерге шыққан әйел, егер өзімен қоса, бұ дүниедегі күйеулері де пейіштік болған болса, әйелге таңдау еркіндігі беріледі.

Әйткенмен, «ең соңғы мәрте қайсысымен тұрмыс құрған болса, сол ерімен (ол да пейішке кірсе) бірге болмақ» дегендер бар. Өйткені, сахаба Хузайфа өзінің жарына: «Пейіште де менің жарым болғың келсе, менен кейін басқаға тұрмысқа шықпа. Шынында, әйел бұ дүниеде соңғы рет кіммен тұрмыс құрған болса, сол ерімен бірге пейіште болады...»,[2] –  дегендігі хадис кітаптарында келтірілген.  

Ал, бірінші жары қайтыс болып, екінші рет үйленген ер кісі (екі зайыбының ешбірі бұрын тұрмыста болмаған болса), пейішке кірген жағдайда екеуін де өзіне жар етіп алады деуге негіз бар. Өйткені, Құран Кәрімде: «Сендер де, жұбайларың да жәннәтқа кіріңдер! (Жәннәтта) Сендер шаттыққа бөленесіңдер!»[3]  делінген.   

 


[1] Әл-Һәйсәми, Мәжмағуз Зәуәид – 7/184, №11396 хадис.
[2] Әл-Байхақи, әсс-Сүнәнуль Кубра - №12424 хадис.
[3] «Зухруф» сүресі, 70-аят.

Тегтер: жәннат
Пікірлер Кіру